Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

ОҚО кәсіпкерлері несие рәсімдеуде қиындықтарға тап болған

AstanaTV
24.11.2015ж. 20:00
1355
ОҚО кәсіпкерлері несие рәсімдеуде қиындықтарға тап болған

«Отандық кәсіпорындар өз имиджімен жұмыс істемейді. Осының салдарынан олардың шығарып жатқан өнімдеріне сұраныс аз». Бүгін Шымкентте өткен облыстық кәсіпкерлер форумында аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов осылай деді. Жиынға жиналған 200-ге жуық іскер азаматты тағы не толғандырады? Тілші тарқатады.

Облыста соңғы жылдары 137 жаңа кәсіпорын ашылыпты. Бірақ олардың өнімін көпшілік біле бермейді. Себебін аймақ әкімі Бейбіт Атамқұлов  айтты.

Бейбіт Атамқұлов, Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі:

Жуырда сайттағы мақаланы оқу арқылы мен бізде әйелдер шұлығын тоқитын ерекше фабрика барын білдім. Отандық БАҚ-тың отандық өнімді жарналамалаудағы маңызы, міне, осында жатыр. Демек, біздің кәсіпкерлер өз  өнімін солардың көмегімен жарнамалай білуі тиіс.

Кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған мәселелер де назардан тыс қалмады. Әсіресе несие рәсімдеуде қиындықтар туындаған.

Нұралы Әбішев, кәсіпкер:  

Кәсіпкер 16 пайызбен несие алатын болса, соның 10 пайызын мемлекет төлеп береді. Мемлекеттің бағдарламасы орындалып жатыр. Ал бұл жерде екінші деңгейлі банктер, қазір 1-2 ай болды, ақша жоқ деп, соны ала алмай жатқан жағдайымыз бар.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Қазір енді бұл проблеманы үкімет шешіп жатыр. Ұлттық банкпен үкімет екінші деңгейлі банктерге теңгемен біраз қаражат беріліп отыр. Ол қаражат бизнесмендерге қолжетімді болады. Сондықтан бұл проблема шешілді деп айтуға болады.

Аграрлы өңір саналатын аймақта фермерлерге тек қана бизнес жоспар жасап, қаржы беріп қана қоймай, биылдан бастап ғылыми қолдау да болады. Өйткені отандық өнім экспортқа да шығады.

Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Ет жағынан Сауд Арабия, Иран жұмыстар жасап жатыр, Ресей жұмыстар жасап жатыр. Осы біздің өңірдің ет өндірушілерімен әзір келіссөздер жасап жатыр. Одан басқа, өздеріңіз білесіздер, бізге тән көкөніс, жеміс-жидек жағынан да сұраныстар жоғары.

Айта кетейік, тарихи орындарға бай өңірде туризмді дамытуға да басымдық берілетін болады. Мәселен, Шардарада жағажай салу, ал шипалы суымен белгілі Сарыағашта заманауи аквапарк салу жайы айтылды. Тек бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін шешіп алу қажет. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ