$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Ресейлік Су-24 ұшағында қаза тапқан ұшқыш - Қазақстан тумасы

AstanaTV
26.11.2015ж. 20:00
1933
Ресейлік Су-24 ұшағында қаза тапқан ұшқыш - Қазақстан тумасы

Сирия аумағында атып түсірілген ресейлік Су-24 бомбардирының қаза тапқан ұшқышы Қазақстан тумасы болып шықты. Олег Пешков ұзақ уақыт бойы Өскемен қаласында тұрған. Бүгін Ресей президенті Владимир Путин ерлікпен қаза тапқан ұшқышты «Халық қаһарманы» алтын жұлдызымен марапаттады. Толығырақ тілші тарқатады. 

Оқуда озат болған Олег Пешков Өскемен қаласының мына №29 мектебін тәмамдаған. Бала кезінен-ақ ұшқыш болуды армандапты. Мектеп бітірген соң білімін Суворов училищесінде жалғастырды. Ұстазы Марина Кикина оның үлгілі оқушы болғанын айтады. Кіші інісі Павел де ізінен еріп, ұшқыш болды, -  дейді мұғалімі.

Марина Кикина, № 29 мектеп директоры:

Қайғыдан қабырғамыз қайысты. Көз алдымызда өскен бала. Жастайынан-ақ мінезінде өжеттілік байқалатын. Қаһарман болып о дүниеге өтті.

24 қараша күні  түріктер ресейлік  ұшақты жерден қағып түсірген еді. Су-24 бомбардирының бортында екі ұшқыш болған. Солардың бірі - Олег Пешков. Екеуі де жанып жатқан ұшақтан секіріп үлгерді. Алайда Олег парашютпен жерге қонып жатқанда, Сирия әскерилерінің оғына ұшты. Марқұмның артында екі баласы жетім қалды.

Бүгін аудиожазба пайда болды. Онда түрік әскерилері ресейліктерді өз территорриясына жақындатпай, бағыттарын оңтүстікке қарай өзгертуге бұйрық беріп жатыр. Алайда ажалдан аман қалған штурман  Су-24 Түркия территориясына енген жоқ дегеннен таймайды.

Константин Мурахтин, штурман:

Жоқ, мүмкін емес. Жарылысқа дейін бәрін бақылап отырдым. Түрік аумағына жақындаған да жоқпыз. Шынтуайтында ешқандай ескерту болған жоқ.

Екі тараптың  өз шындықтары бар. Десе де, Түркия Ресеймен арадағы қарым-қатынасты суытқысы жоқ. Ел премьер-министрі Ахмет Давутоғлу Ресейді достас әрі серіктес ел ретінде танимыз дейді.

Ахмет Давутоғлу, Түркия премьер-министрі:

Біз Ресеймен қарым-қатынасты үзуге ниетті емеспіз. Ресей біздің серіктес көршіміз. Десе де ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде, кез-келген қарым-қатынас сол елдің заңдары мен әуе кеңістігін сақтауға негізделуі керек.

Ресей болса қауіпсіздік шараларын қолға алды. Сириядағы Латакия провинциясында «Мәскеу» зымыран крейсерін орнатып қойған.  Ол Ресей ұшақтарына қауіп төндіретін кез келген нысанды жоюға арналған. Айта өтейік, бүгін Ресей президенті француз әріптесі Франсуа Олландпен кездеспек. Сарапшылар екі ел басшысы экстремизмге қарсы күш біріктіреді деп пайымдап отыр. Бұған дейін Путин Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-қа барғанын ескерсек, лаңкестікке қарсы коалицияның ақыры құрылатын түрі бар, деседі.   

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА