$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Оралда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үй төбесінен су ағып тұр

AstanaTV
26.11.2015ж. 20:00
1201
Оралда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үй төбесінен су ағып тұр

Оралда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 11 миллионға жөнделген үйдің төбесінен су кетті. Жөндеу жұмыстары жуырда аяқталса да, жаңа шатыр қарашада жауған алғашқы қарға төтеп бере алмады. Ал пәтеріне су кетіп, үйі бүлінген тұрғындар не істерін білмей дағдарып жүр.

Үй иелері биыл көктемнен бастап мазасы қашқандарын айтады. Әуелі күн жылына үйдің шатыры опырылып құлаған. Осыдан кейін жоғары қабат тұрғындары жөндеу жұмыстары басталғанша жаз бойы жаңбыр жаумауын тілеген. Шатыр ауыстырылғанда ғана көңілін демдеген олар бүгін де беймаза. Өйткені жуырда ғана жөнделген төбеден тағы да су кетті. Үйі бүлінген тұрғындар енді құзырлы органдарға арызданбақ.

Айгүл Рысбаева: 

Төбеге төселген мына ағаштарға, отқа төзімді арнайы сұйықтық сіңірілуі керек. Содан кейін ғана сырланады. Әйтпесе, біреу шатырға шығып темекі тартса, үйіміз түгі қалмай өртеніп кетеді. Ал мына ағаштар қырық құрау. Үйдің шатырын жөндеу жұмыстары басталғалы бері құрылыстың қыр-сырын меңгеріп алдық. Далада жатқан ақша жоқ.

Жаңа шатырдан қалай су аққанын мердігерлердің өздері де түсінер емес. Айтуларынша, жаңа материалдарды қолданып, төбені бір айда жауып біткен. Енді жөндеу жұмыстарына қайта кірісті.

Владимир Романов, мердігер мекеме өкілі:

Шынымызды айтсақ, төбеден су кеткеніне өзіміз де аң-таңбыз. Бәрін де бекітілген жоба бойынша жасадық. Енді сметада көрсетілмеген қосымша жұмыстарды істеп, шығынға шаш-етектен баттық. Дегенмен, жөндеу жұмыстарын бір айдың ішінде бітіреміз.

Үйдің шатырын алмастыруға тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 11 миллион жарым теңге бөлініпті. Бұл ақшаны тұрғындар 15 жылдың ішінде бөліп төлейді. Осыны алға тосқан ПИК басшысы пәтер иелерінің келісімін алғанын айтады.

Галина Пархоменко, «Жұлдыз алға» ПИК басшысы:

Тұрғындардың өздері үйді жөндеуге құлықсыз болды. Түрлі сылтау айтып, бас тартты. Енді бүкіл бәлені бізге жауып отыр. Сондықтан жөндеу басталмас бұрын оларға құрылысшылармен бірге жұмыс жасау керектігі ескертілді. Мердігерлерді де өздері таңдап алды.

Оралда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері 75 үй күрделі жөнделсе, кезекте әлі 200-дей үй тұр. Ал даулы үйдің тұрғындары осы жөндеуден кейін жүйкесі тынышталады деп үміттенеді.

Еркін КАРИН