$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Алматының жер асты өткелдері қоқыстан көз ашпай отыр

AstanaTV
11.11.2015ж. 20:00
1535
Алматының жер асты өткелдері қоқыстан көз ашпай отыр

Алматыдағы жер асты өткелдері мемлекетке қомақты кіріс әкеліп отыр. Жалға берілген орындардан биыл 43 миллион табыс түскен. Қаладағы 53 жерасты өткелі бар. Бірақ тұрғындар біразы антисанитариялық жағдайда деп налиды. Ал біреуінде ғана бейнебақылау камерасы бар екені белгілі болды. Жер асты өткелімен жүріп көрген тілші репортажы.

Алматылық студент Мақпал, Төле би мен Саин көшелерінің қиылысындағы мына жер асты өткелінен күнде өтеді. Өткелге кірмес бұрын бетперде киюге мәжбүр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тіпті бір жыл бұрын осыннан бәліш алып жеп, уланған. 

Сабақтан асханаға баруға үлгермейміз, осындай жерден тамақтанатынбыз. Сосын біраз уақыттан соң денсаулығымда ақаулар пайда бола бастады. Кейін өзім көрсетіңізші, қандай еттен жасайсыздар, деп едім, жасырып көрсетпейді. Демек, бір нәрсе болғаны. Қазір жемейтін болдым.

Тұрғындар өткелдердегі тазалық пен заңсыздықты ешкім қадағаламайды деп налиды. 

Туалеті сасып жатыр, саудагерлердің өзі бірінші соны қадағалау керек. Осы жерде отыратын болған соң, қарау керек.

Тазалыққа көңіліміз толмайды. Бұл жерде антисанитария.

Біз де жеңіл-желпі тіске басар тамақ сатып тұрғандармен тілдеспек болдық. Самса әзірлеп жатқан аспаздың жанына жақындай беріп едік, үстел астына жасырынып қалды. Енді бірінен санитарлық рұқсат кітапшасын көрсете алмады. 

Әнел Мұсаева, Алматы қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:

Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болса да, тексеруге шығып, санитарлық талапқа сәйкес келмеген жағдайда, мекемеге айыппұл салынады. Тіптен болмаған жағдайда сотқа жабуға жіберіледі.

Мамандар тұрғындардан ешқандай шағым түспеді деп отыр. Ал өткелдергі тазалық пен жөндеуге кім жауапты? 

Айдын Сайлаубай, Алматы қалалық қаржы  басқармасы басшысының орынбасары:

Алматы қаласы бойынша 53 жер асты өткелі бар. Соның 37-сін біз "Алматыспецтехпаркинг Сервис" ЖШС-нің қарауына бердік. Серіктестік  өздері жер асты өткелін жалға беріп, сол жердің тазалығын қадағалап отырады. Бүгінде жалға берілген сауда орындарынан түскен қаржы көлемі 43,2 миллион теңге. Сол сомаға олар жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Алайда жауапты мекеме  өкілдері, мәселе тұрғындар мәдениетінің төмендігінде, дейді. 

Ербол Жансейітов, «Алматыспецтехпаркинг сервис» ЖШС жер асты өткелдеріне жауапты  бөлімнің басшысы:

Біз күрделі жөндеу жұмыстарын жиі жүргіземіз. Бірақ жастар, одан қалса тұрғылықты мекені жоқ азаматтар барлығын күл-талқан етеді. Шамдарды сындырып, өткелдің қабырғасына сурет салып кетеді. Тұрғындардың мәдениеті төмен. Алдымен халыққа түсіндіру  жұмыстарын  күшейту керек.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазір жергілікті билік тағы да бірнеше жерасты өткелін салуды қарастырып жатыр. Оның әрқайсының құрылысына қалалық бюджеттен аз қаражат бөлінбейтіні анық. Бірақ сол жаңа жерасты өткелдері де мынадай күйге түспесіне ешкім кепіл бола алмайды.

Айгүл ЕРМАХАН