Болашақта
Орал қаласында өрмекшінің торындай шырмалған электр сымдары болмайды. Қазір
қаланың орталық көшелеріндегі желілер
түгелдей жер астымен тартылған. Бұл мақсатқа қала қазынасынан 254 миллион теңге
бөлінді. Қомақты қаражатқа электр желілерін ауыстырудан бөлек, энергия
үнемдейтін шамдар алынған. Сымдарды жер астымен жүргізудегі мақсат қандай?
Еркін Карин біліп қайтты.
Қараңғы
түсе қаланы нұрға бөлейтін мына жарық шамдарының электр желілері жер астымен
жүргізілген. Жұмысшылар бірнеше шақырымға созылған Еуразия даңғылының бойын
күрекпен қазып, қуатты шамдарды орнатқан.
Нұр
Төлеуғалиев, Орал қаласы «Жайық жарығы» ЖШС директоры:
Алтыннан
жасалған сымдар болады ішінде, тағы да басқа қымбат металлдардан жасалған
диодтар болады. Сондықтан да оның құны қымбат, бірақ құны қымбат болғанымен,
оның жарығы күшті. Мысалы, 250 ваттық лампалардың орнына біздер 120, 160 ваттық
жарық диодты лампаларды қойып отырмыз. Олардың жарығы сол лампалардан артық
болмаса, кем емес.
Мамандардың пайымынша, есесіне өрмекшінің торындай, түрлі сымға шырмалған
көпқабатты ғимараттар мен қала көшелерінің сәні кірмек. Әрі шаһар құрылысы
стандарттарына сай, облыс орталығына кіре-берістегі
көшелерге сымсыз жарық бағандары орнатылуы тиіс. Енді қаладағы
телекоммуникациялық желілер де осы тәсілмен қайта тартылмақ. Бірақ өз
қаражаттарына.
Мұрат
Бәйменов, БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:
Қазіргі
таңда оларға берілген тапсырма - жұмысты орталықтан бастау. Бюджеттен ақша
жұмсалмайды, себебі бұл деген өздерінің жұмыстарына пайдаланып отырған
кабельдері ғой. Сол себептен өздерінің қаражаттарына жұмыстарын істеу.
Ал
кабельдік телеарналардың өкілдері бұл жаңашылдықты шығын көреді. Айтуларынша,
жылдар бойы қалыптасқан жүйені өзгертуге қыруар қаржы керек.
Александр
Ягодинцев, кабельдік телеарна өкілі:
Желіні
жер астымен жүргізу қымбатқа түседі. Егер жердің үстімен жүргізсе, бір ғана
кабель керек. Ал жер астымен өткізуге тағы қосымша материалдар қажет болады.
Мұны қалалық кәріз желісі арқылы жүргізуге болатын еді. Бірақ ол қазір
монополистердің меншігі.
Ал
байланысқа жауапты мамандар: "Кабельдер жер астымен жүргізілген кезде
жарамдылық мерзімі ұзарады", - деді. Ағаш бұталарына ілініп,
үзіліп-зақымдануы да азаяды. Әрі өрмекшінің торындай шырмалған сымдардан
арыламыз деп жобаны өз алдына бастап кеткен.
Еркін
Карин, тілші:
Биылдың
өзінде қала бойынша ондаған шақырым коммуникация желілері жердің астымен
жүргізілген екен. Мамандардың сөзінше, жерасты желілілерінің пайдасы ұшан-теңіз. Бүгін де тағы бар көше
жерасты желісіне қосылды.
Еркін КАРИН