$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Париждегі терактілер...

AstanaTV
14.11.2015ж. 20:30
1225
Париждегі терактілер...

Нацистердің оккупациясында болған 1944 жылдан кейін бірінші рет  Париж көшелері жарықсыз қалды. Кеше түнде Франция астанасында бірнеше теракт жасалып, көп адам опат болды. Алдымен «150 адам» деген ақпарат тарады... Париждегі Батаклан театрына терроршылар баса-көктеп кіріп, жүздеген адамды баудай түсірген. Қала орталағында терроршы Калашников автоматынан оқ жаудырған. Франция мен Германия арасындағы футбол матчы өтіп жатқан стадионда бірнеше бомба жарылған. Ол матчты Франция президенті Франсуа Олланд та тамашалап отырған. Бірден эвакуацияланғаны жазылды... 6 немесе 7 террорлық шабуыл бір мезетте жасалған. Әлемдік БАҚ бірден, бұл жантүршігерлік сойқан өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын террорлық ұйымның әрекеті екенін жазды. Олардың өздері де солай деп мәлімдеп үлгерген – «Бұл Сирия үшін кек, Бұл Францияның 11-қыркүйегі» - деп. Аталған ұйымның Сириядағы содырларын халықаралық күштер, оның ішінде Франция да бар, әуеден бомбалап жатқаны мәлім... Ең сұмдық көріністер жаңа айтқан Батаклан театрында болған. Онда  америкалық топтың концерті жүріп жатқан. Куәгерлердің бірі - француздық журналист Жулиьен Пирс Си Эн Эн арнасына берген сұхбатында кіріп келген 2 терроршының бірі жап-жас, тіпті бозбала болғанын айтқан.  Бетперде кимеген, қолдарында Калашников автоматы... Қынадай қырылып, құлаған адамдарды үсті-үстіне атқан. «Бұл өлім жазасы еді» - дейді, Пирс. Тағы бір куәгер, ресей журналисі  Михаил Маштаков  «Газете.Ru»-ға стадиондағы терактіні сипаттаған – 3 жарылыс болды, әуелі ешкім түсінбей қалды, сосын жұрт у-да шу болып, даурығып кетті, себебі алдымен шығатын есіктерді жауып тастады, сосын жарты сағаттан соң ғана  шығуға мүмкіндік берді, стадионды әскер қоршап тұрды- деген.  Полицейлер стадионда 2 жарылыс болғанын айтты.

  Ал мынау Сильвестр есімді азамат, Жаратқанның құдіретімен өлімнен аман қалған. Ол бомба жарылған стадионның жанында болған. Және   көшедегі атысқа да түсіп қалған. Алдымен оқ оның аяғы мен ішіне тиген. Ажал мүлт кетеді. Ал бомбаның жарықшағы жүрегін жарып жіберер еді, егер Сильвестрдің курткасының қалтасында смартфон жатпағанда. Жарықшақ телефонға барып қадалған... «Бұл нағыз ғажайып. Бірақ осындайды ешкімнің басына тілемеймін» - деді ол... 

Бүгінгі мәліметтер бойынша театрда 100-ден аса, басқа терактілерден 40 -тан аса ажал құшқан. Жараланғандар да аз емес, кейбірінің жағдайы ауыр...   

Президенті Франсуа Олланд Францияда «төтенше жағдай» жариялады. Мемлекеттік шекарада бақылау орнатылды. Сарапшылар, Парижде терроршылардың астыртын ұйымы жұмыс істегенін айтып жатыр. Бұл Еуропаның жаңа тарихында болмаған сойқан актілер... Әлем француздарға қайғырып, көңіл айтып жатыр...