Елімізде екінші рет ауқымды жекешелендіру жүріп жатыр. Қарашаның басына дейін 216 нысан сатылып, 70,75 млрд теңге түскен. Мемлекеттік мүлік комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, келесі жылы ұлттық компаниялар мен холдингтердің меншігіндегі, республикалық және коммуналдық меншіктегі 329 актив жекешендіріледі. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ҰҚ саудаға 10 нысанды шығарды. Арасында «Қазатомпромның» 20,87 миллиард теңгеге бағаланған 10 пайыздық үлесі бар. Сонымен қатар ...1 теңгеге бағаланған нысандар да бар. Мәселен, Алматыдағы Республика сарайы... Ауқымды жекешелендірудің бүкіл астарын «аралай» алмаспыз. Ала арқанның ағы мен қарасын Ришат Асқарбекұлы тарқатып көрді.
Мемлекеттік активтерді жекешелендірудің екінші толқыны түрлі тосын сыйлармен есте қалуы мүмкін. Мысалы алып компаниялар мен сәулетті ғимараттардың құнын 1 теңге немесе 0 деп бағалау қаншалықты ақылға қонымды?! Біз сөзге тартқан экономистер Қаржы министрлігінің сайтында ілініп тұрғын бұл ақпараттарға қатысты сан түрлі жауаптар берді.
Серік Әбдірахманов, Қоғам қайраткері:
Әйтеуірі бір сатыдан бастайды ғой. Нөл дейді. Әрине оны ешкім нөлге сатпайды. Әңгіме оның нөлінде емес. Ары қарай цирк тағдыры не болады. Мысалы қаңырап бос тұрған орындар бізде көп. Әңгіме соны сатып жіберу.
Сонымен Қаржы минстрлігі мүлік және жекешелендіру комитетінің сайтында ілінген мына кестеге назар салсақ.
Сәлима Барышева, экономика ғылымдарының кандидаты:
Сол циркті алатын болсақ та, сол Республика сарайын алатын болсақ та, олар жыл бойы түрлі іс-шаралар өткізеді, қызметкерлер бар, еңбек ақы төлеу керек, амортизация деген бар. Коммуналдық төлемдер бар. Осылардың арқасында зиян шегеді. Ол зиян өтелмегендіктен, құнына әсер етеді. Сондықтан бағаны сондай етіп, көрсетіп отыр. Әшейіннен «нөл» теңге пайда болмайды. Он жылдағы қаржылық зиянды активтің құнына теңеп, «нөл» деп беруі мүмкін.
Дәулетбай Шағыров, ҚР Қаржы министрлігі Мүлік және жекешелендіру комитетінің басқарма басшысы:
Баланстық құн- бұл сатылу бағасы емес. Баланстық құн кәсіпорынның қаржылық қызметінің нәтижесінен шығады. Оның активтері көп болса да, оның қарызы, кредиті беершегі де көп болса, қаржылықы қызметтің нәтижесі теріс сан болып шығады. Онда әрине ол минуспен белгіленбейді, ол 0 немесе 1 теңге деп айтылады.
Экономистердің сөзіне қарағанда, жекешелендіру үрдістерін іске қосу мақсатында Үкімет компанияларды бәсекелес ортаға беру үшін бірнеше тәсіл ұсынды. Соның бірі сауда-саттық ағылшын әдісі бойынша бағаны көтеру арқылы жүргізіледі. Егер нысан қызығушылық тудырмаса, онда екінші және үшінші сауда голландтық тәсілмен бағаны түсіру арқылы жүргізіледі. Үш рет сауда жүргізіліп, сатып алушылар болмаған жағдайда, нысан таратылады.
Серік Әбдірахманов, қоғам қайраткері:
Өндіріс орнын есептеп келіп, бүгін сатпайық дейік. Мұның келешегі бар. Ертең он есе қымбатқа сатамыз. Бюджетте ақшамыз кем болады. Аздап қысылуға тура келеді. Халық оны түсінеді. Бірақ ақша тап деді. Бұлар алып, 10 теңгеге сатады да жібереді. Ертең 1000 теңгеге өтетін дүниені.
Үкіметтің 2014 жылғы 31 наурыздағы нөмірі 280-ші қаулысына орай «Алатау жарық компаниясы», «Алматы электр станциялары» және «АлматыЭнергосбыт» компаниялары да саудаға қойылған. Алматы қаласы үшін стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың сатылу мерзімін арнайы комиссия белгілейді. Қарапайым халық жарық пен жылу жекеменшікке өтсе, тарифке ырық болмауы мүмкін деп қауіптенеді. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, «Алматыэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылды шығынмен қорытындылаған. Тиісінше, Қаржы министрлігі сайтында бұл компанияның да теңгерім құны небәрі 1 теңге деп көрсетіліпті.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Байқап отырсақ жекешелендіруге шығармас бұрын бюджеттен қырауар ақша жұмсайды осы нысандарға. Сосын жекешелендіруге шығарады.
Сонымен Алматыдағы құны тағы да 0 немесе 1 теңгеге бағаланған нысандар мен кәсіпорындар қайсы? Қаржы министрлігі сайтында «құнсыз дүниелер» санатына жатқызылған шығармашылық ұжымдар негізінен жергілікті әкімдіктің қолына қараған дотациялық мекемелер. Жекешелендіруге қатысты осы мекемелердің басшыларына хабарласып, пікір білдіруді сұрағанбыз.
Бақытжан Доспанов, Республика сарайының директоры:
Маған бәрібір. Ол 1 теңге бола ма, 0 теңге бола ма, тіпті миллиард бола ма. Біз бұл шаруамен айналыспаймыз.
Тәуелсіздік декларациясы қабылданған тарихи орын- бұрынғы Жоғарғы Кеңестің ғимараты да саудаға шығарылғаны елге белгілі. Қазір алып ғимаратты иемденіп отырған Қазақ-Британ техникалық университетінің басшылығынан төмендегідей жауап алдық. ҚБТУ-ды қаржы сарапшылары 14 миллиард теңгеге бағалаған болатын.
Кейбір ақпарат құралдары Астанадағы «Думан» қонақ үйі 30 млн АҚШ долларына, ал қазақ киносының ақ отауы - «Қазақфильм» киностудиясы 60 млн. АҚШ долларына сатылатынын жазады.
Ал «Қайрат» футбол клубы акциясының 30 пайызы да жекешелендіруге шығарылды. Оның құны 1,3 млрд теңге. Келесі жылы жекешелендіру науқанының аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 10 нысанды сатылымға шығармақ. Олардың арасында ең қымбаттары - "Қазатомөнеркәсіп». 10 пайыздық үлесінің бағалау құны - 20,87 млрд теңге. «Қазақстан темір жолы» - 122,3 млрд теңге. «ҚазАгро» холдингі де активтерін де сатылымға шығармақ. Олардың құны бір теңгеден бастап 3,8 млн теңгеге дейін жетеді.
Дәулетбай Шағыров, ҚР Қаржы министрлігі Мүлік және жекешелендіру комитетінің басқарма басшысы:
Жекешелендірудің екінші толқыны 2014 жылдың маусым айынан басталды. Екі жылда 491 нысанды сату жоспарланды. Соның бүгінгі күні 398-і саудаға шығарылды. Оның ішінде 217 нысан сатылды. Жалпы осы саудадан түскен қаражаттың көлемі 71 млрд. теңгені құрап отыр.
Ал тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, егер бұл жекешелендіру жариялы әрі әділ болса, одан түсетін қаражат ел экономикасындағы біраз тесікке тығын болуы тиіс. Ол капитал мен активтерге рақымшылық жасау науқанымен бірге жүріп жатқандықтан, одан түсетін кіріс мемлекеттің жағдайына оң әсер етуі керек. Бірақ алабөтен пиғылмен, қалтасының қамын ойлағандар оның өз деңгейінде жүргізілуіне кедергі келтірсе ше?!
Серік Әбдірахманов, қоғам қайраткері:
Пікір-талас жоқ. Неге голландтық, неге ағылшындық әдіс дегенде, мәселе бір тәсілмен сату керек қой. Бірақ қандай өндіріс орындары сатылуы керек. Жүздеп саудаға шығарып жатыр. Әрине біреудің көз тіккені, қызығатын өндіріс орындары бар шығар. Ертең ол қалай істеп кетеді. Тиімді бола ма, мемлекетке пайдалы бола ма?!
Меруерт Махмұтова, экономист:
Кезінде 90-шы жалдары миллиардтарға бағаланған нысандарды бүгін көріп отырмыз, тиындарға сатып, былайша айтқанда жекенің қолына халықтың көп жылдар құрастырған байлығы кетіп отыр. Егер жасыратын ештеңе жоқ болса, олардың бағасы жарияланып отыруы керек. Еді. Ендеше жасырса, демек азаматтар тарапынан күмән тударады.
Бұл науқанның негізгі мақсаты - мемлекеттік активтерді барынша тиімді меншік иесіне өткізу жолымен еліміздің жеке бизнесінің одан әрі дамуына қарқын беру. Ендеше мемлекеттің мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс. Нарықты білетін кәсіпкердің иелігіне өтіп, халыққа пайда әкелуге міндетті. Біз сөзге тартқан сарапшылар да жекешелендіру үрдісі жалаң айтылған жалбағай сөздер мен науқаншылыққа құрылмауы керек, деген пікірді баса айтты. Алайда шешетін олар емес...
Ришат Асқарбекұлы, 20:30
Біздің уақыт.