Алматы халықаралық әуежайында
қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Әуежайдағы бас терминалдың кіре
берісіне арнайы сканерлік қондырғылар орнатылған. Ал кейбір күмән тудырған
жүктер мен жолаушылар арнайы үйретілген иттердің көмегімен тексерілуде.
Мұндай қатаң шаралар Парижде
болған лаңкестік оқиғалардан соң қолға алынды, - дейді әуежай басшылығы.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету әсіресе Алматы халықаралық әуежайы жанындағы
кинологиялық қызмет мамандарына жүктелген. Иісшіл иттер негізінен жарылғыш
заттар мен қару-жарақтарды іздестіруге машықтанған. Әуежай қауіпсіздік
қызметінің дерегінше, өткен сенбіден бері айлақ аумағында қандай да бір сезік
тудыратын фактілер тіркелмеген.
Мұрат Бегасылов, «Алматы
халықаралық әуежайы» АҚ кинологиялық бөлімі бастығы:
Жолаушылардың қауіпсіздігін
сақтау - басты мақсатымыз. Ал иіс сезгіш иттердің көмегімен әуежай аумағына
жарылғыш заттар мен қарудың кіріп кетпеуін қадағалап отырмыз. Әуежай
терминалының барлық бағытында кинолог-мамандар жұмыс істеп жатыр. Сондықтан
жолаушылардан түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Әлемде сондай оқиғалар болып
жатыр. Содан сақ болу үшін істеліп жатыр ғой.
Ешқандай кері әсері жоқ.
Жағдайды түсінеміз. Солай болуы керек деп есептейміз.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ