×

Павлодар облысында бес бала мен олардың анасы сынаптан уланды

AstanaTV
16.11.2015ж. 20:00
928
Павлодар облысында бес бала мен олардың анасы сынаптан уланды

Павлодар облысында бір отбасы сынаптан уланып қалды. Лебяжье ауданының Баймолды ауылында ісік ауруына шалдыққан 35 жастағы отағасы сынаптың буымен емделуге болатынын естіп, өзінің туысынан көмек сұрайды. Өз бетімен ем жасамақ болған ол сынапты дене қызуын тексеретін құралдан алып, бір айдың ішінде үш рет қайнатқан. Бұл кездері отбасы мүшелерінің барлығы үйде болған. Артынша 2 мен 11 жас аралығындағы 5 бала ауруханаға жеткізілді. Аналары емдеу мекемесіне барудан бас тартқан. Ал отағасы қайтыс болды. 

Ольга Ким, Павлодар облыстық балалар ауруханасы  бөлім меңгерушісі:

Балалар бастары ауырып, әлсіздік басқанын айтып шағымданды. Қажетті сараптамалар алынып, Қарағандыдағы профпатология институтына жіберілді. Нәтижесін күтеміз. Балалардың жағдайлары қазір қалыпты. 

Дәрігерлердің айтуынша, сынаптың буын халықтық ем ретінде қолдану дұрыс емес. Бейнетке тап болған отбасының үйін мамандар улы заттан тазартып шықты. Тәртіп сақшылары «абайсыздан біреудің денсаулығына зиян келтіру» бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Емшілікпен айналысқан 44 жастағы ауыл тұрғыны кінәсін толық мойындаған. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 45 тәулікке дейін қамалуы немесе жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН