×

Өскеменде баспанасы өртеніп далада қалғандарға тұрғындар көмек көрсетті

AstanaTV
16.11.2015ж. 20:00
1428
Өскеменде баспанасы өртеніп далада қалғандарға тұрғындар көмек көрсетті

Арнамыздағы жаңалықтарда көрсетілген бейнематериалдан кейін өскемендіктер өрт салдарынан баспанасыз қалған көп қабатты үйдің тұрғындарына қол ұшын созды. Негізінен түс қағаздары, құрылыс материалдары, киім-кешектер жинапты. Ал белсенділері күлі қалған шатырдың орнына жаңасын жапқан.

Зейнеткер Фаина әжейдің қуанышында шек жоқ. Жанашыр жандар туған күніне орай бір құшақ гүл мен пәтеріне қажетті құрылыс материалдарын сыйға тартқан.

Фаина Давыдова:

Баспанамды қалай жөндеймін деп қорқып едім. Алатын зейнетақым да көп емес. Бұл заттардың барлығына қыруар қаражат керек. Көмектесіп жатқан жандарға алғысым шексіз.

Бір ай бұрын зейнеткер тұрып жатқан көпқабатты үйдің шатыры өртенген. Жалынның бетін қайтару үшін өрт сөндірушілер төбеден су шашқан еді. Салдарынан барлық пәтерге су кірді. Ал, толықтай жанып кеткен шатырды қайта қалпына келтіруге 10 млн теңге қажет. Қыс басталмай жатып, шатырсыз қалған тұрғындарға көмек қолын созамын деушілерге мешітте де арнайы орын ұйымдастырылды.

Нұрислам Жақсымбет, Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб-имамы:

ШҚО мешіті, Өскемен орталық мешіті, Досмұхамади мешіті тарапынан осы 8 отбасының, бір отбасына тұрмыстық жадайын, материалдық көмекті өз мойнымызға алдық.

Валентина Курдюмова:

Қуанғаннан айтарға сөз таппай тұрмын. Аяқ астынан барлығы көмекке келді. Қайғымызға ортақтасып, көмектесіп жатқан жандарға  алғысымыз шексіз.

Тілсіз жаудан зардап шеккен пәтерлерде жақын күндері құрылыс колледжінің тәлімгерлері іске кірісетін болады. Болашақ сылақшылар зейнеткерлердің баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізбек.

Майраш  Екібасова, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Құрылыста тәжірибесі бар колледж оқушыларының арасынан жауаптыларын іріктеп, әрбір пәтерге бекіттік. Олар жөндеу жұмыстарына көмек көрсетеді.

100 пәтерлі баспанаға полиэтиленмен жабылған шатырдың орнына жаңа жабынды орнатылмақ. Құрылыс материалдары мен жұмысшыларды жалдауға шаһардағы мекемелер көмектескен. Еріктілер ауланы тазалап, өртенген ағаштар мен құрылыс қалдықтарын жинауға уәде берді.

Мансұр ЕСҚОЖИН