Жамбыл
облысында қатты дауыл тұрып, 100-ге жуық елді мекен жарықсыз қалды. Талас,
Сарысу, Жуалы және Жамбыл аудандарында желдің екпіні секундына 37 метрге
жеткен. Тараз қаласы мен Байзақ
ауданында секундына 25-30 метрге дейін ұйытқыған. Қаратау қаласы тұрғындарының
30 пайызы жарықтан ажырады. Сондай ақ бірнеше елді мекеннің халқы да қараңғыда
отыр.
Желеу
Нұрлыбаева, Билікөл ауылының тұрғыны:
Фонарикпен
отырмыз. Телефонды да тоқпен қуаттай алмаймыз. Өстіп отырмыз ешкіммен хабарсыз. Екі күннің бірінде
жөндейді, күнде жел, күнде жел! Ертең тағы жел болады деп жатыр, міне, енді тағы
шала бүлініп жатыр.
Әсия
Садақова, Билікөл ауылының тұрғыны:
Секундына
40 метр болған шығар, аз дегенде. Біз мына дарбазаны осы жазда орнаттық. Қазір
ішіне кіріп көріңізші, желден қалай құлап тұрғанын, қалай тіреу қойғанымызды.
Желден
Талас ауданы орталығының «Байланыс мұнарасы» да құлаған. Тараздағы жарық
тарататын мекемеге 170-тен аса шағым түскен. Қала ішінде 18 ағаш құлап, көлік
қозғалысына кесірін тигізді. Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын қаңтар
айында болған қатты жел Талас пен Сарысу ауданына миллиондаған шығын келтірген еді.
Ерік
Көшербаев, Жамбыл облысы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы
басшысы:
«Қаратау
2»-де қайта жөндеп, содан бірінші қазандықты қостық. Сарысу ауданы бойынша бір
желі істен шықты. Жуалы ауданында 0,55 деген желі бар, сол істен шыққан. Бізде
Беріққараның желі өте қатты. Майтөбе және Билікөл деген қос подстанция бар. Сол
екі екі подстанцияны бүгін толық жөндеп, электр желілерін қосып бердік.