$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Германияның арнайы қызметі терактінің алдын алды

AstanaTV
18.11.2015ж. 20:00
1768
Германияның арнайы қызметі терактінің алдын алды

Германияның арнайы қызметі терактінің алдын алды. Ганновер қаласында неміс канцлері Ангела Меркельдің қатысуымен Голландия мен Германия арасындағы жолдастық кездесу жоспарланған еді. Алайда полиция қызметкерлері стадион маңынан жарылғыш зат салынған көлік тапқан. Сондай-ақ  Америка Құрама Штаттарынан Парижге аттанғалы тұрған «Air France» әуе компаниясының ұшағы бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Жұрағат Баман тарқатады. 

Германия мен Голландия арасындағы жолдастық кездесу басталмай жатып, аяқталды. Террорлық қауіпке байланысты полиция жедел қауіпсіздік шараларына көшіп, стадионға жиналған жұртты эвакуациялады.

Анжелик Тьибе, жанкүйер:

Бізге бейтаныс адамдар келіп стадионнан тез арада шығуымыз керек екенін айтты. Сабырлық сақтап, сыртқа қарай беттеңіздер, бұл эвакуация деді. Ешкім ештеңе түсінбеді. Кейін белгісіз біреулер жарылғыш зат салынған сөмке қалдырғанын естідік.

Құқық қорғаушылардың бұл әрекеті жанкүйерлердің көңілінен шықпағаны анық. Десе де, полицейлердің сезігі бекер болмады. Германия ішкі істер министрі Томас Де Мезьер тексеріс барысында стадион маңынан жарылғыш зат салынған көлік табылғанын мәлімдеді.

Томас Де Мезьер, Германия ішкі істер министрі:

Париждегі террористік актілерден кейін қауіп туралы деректер бізге жиі түседі. Ақпараттардың қаншалықты шындыққа жанасатынын болжау мүмкін емес. Бүгін түс ауа теракт әзірленіп жатқаны туралы хабар жетті. Осыған орай, матчты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдадық.

Атлант мұхитының арғы бетінде «Air France» әуе компаниясының екі  ұшағы діттеген бағытынан ауытқуға мәжбүр болды. Бұған бортта жарылғыш зат орнатылуы мүмкін деген хабарлама себеп. Қазір ақпарат жіті тексеріліп жатыр. Еуропа мемлекеттері күдік пен үрейден арылар емес.

Холгер Хильгенберг, Ганновер полициясының баспасөз хатшысы:

Біз кез-келген сценарийге әзірміз. Алайда терроршылардың қайда соққы жасары белгісіз. Германияға қауіп төніп тұрғаны анық. Терроршылардың келесі шабуылы бізге де тиюі мүмкін.

Иран лидері Хасан Рухани әлемдегі ахуалды исламмен ғана байланыстыруға болмайтынын айтты. ДАИШ содырлары ислам заңдарын орнату ісімен айналыспайды. Керісінше дүниежүзіне исламды қорқынышты етіп көрсетуге тырысып жатыр дейді ол. Париждегі оқиғадан кейін, НАТО-ның бас хатшысы әлеуметтік жағдайдың жіті бақылауда екенін, ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі дерлік ДАИШ-пен күресті нығайтқанын айтқан. Десе де, әскери қимылдардың қаншалықты нәтиже берері  белгісіз.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

Терроризм мен экстремизге тосқауыл қою үшін, күресудің ортақ шараларын белгілеуіміз қажет. Әскери, саяси, дипломатиялық жігер-күшімізді біріктіру керек. НАТО мен Еуроодақ қазір бұл бағытта қызмет жасап жатыр. ДАИШ-қа қарсы халықаралық коалициямен де бірлестік. Барлық ақпаратты арнайы қызметтер бақылауда ұстап отыр.

Ресей және Еуропа елдері қазір қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Қоғамдық орындарда полиция қызметкерлері күні-түні кезекшілік етуде. Мемлекеттер арасында ортақ жауға қарсы күрес тұрғысындағы ықпалдастық та нығайып келеді.

Жұрағат БАМАН