$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қауіпсіздік күшейтілді

AstanaTV
18.11.2015ж. 20:00
1210
Қауіпсіздік күшейтілді

Алматы метрополитені де қауіпсіздік шараларын күшейтті. Әрбір бекеттің кіре берісіне жаңа қондырғылар мен арнайы аппараттар орнатылған. Ал Ақтөбедегі темір жол вокзалы металл іздеуші құралдармен жабдықталды. Адам аяғы көп жүретін орындарда тексерістің күшеюін жолаушылар да құптайды. Сондықтан мұндай шараларға түсіністікпен қараймыз дейді.

Әлемде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттер еліміздегі қауіпсіздікті барынша күшейтуге итермелеп отыр. Бүгін адам аяғы көп жүретін метро ұжымы да 9 бекетке тексерісті күшейтетін жаңа жабдықтарды орнатты. Бұл құрылғылардың тиімділігі сол - метро қызметкерлері күдік келтірген немесе күмәнді жүгі бар кез-келген жолаушыны осы қондырғылардың көмегімен ұстайды.

Жер асты жолындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін су жаңа қондырғының бірі - рентген-теледидар құрылғысы. Күдік туғызған азаматтың сөмкесі осы құрылғының сүзгісінен өтеді. Егер ішінен күдік тудыратын зат табылса, оның жоғары бөлігінде әдеттегідей 2 жұлдызша емес, 4-5 қызыл жұлдызша жанып белгі береді.

Бауыржан Мұқанов, «Метрополитен» МК көлік қауіпсіздік қызметін тексеру пунктінің кезекшісі: 

Экраннан бәрі көрінеді: органикалық, металлдық заттар. Заңға қайшы келетін заттар көрініп тұрады. Ондай заттар табылған кезде, полиция қызметкерлеріне  жолаушы сөмкесін тапсырамыз.


Ал, мына қондырғы «Тайфун» деп аталады. Ол жақында Германиядан әкелініпті. Тиімділігі сол, жарылғыш затты иісінен сезеді, - дейді метро басшылары.

Айдын  Оразханов, «Метрополитен» МК директоры:

Бұған дейін бізде тек аркалы металл іздегіш қолданылып келді. Енді иіс сезгіш «тайфун» құрылғысы мен  рентген-теледидар қондырғысы 9 бекеттің тыныштығын күзететін болады. Бұлардың құны - 150 миллион теңге. Айналадағы жағдайларға қарап, өз еліміздің тыныштығына алаңдауымыз керектігін түсіндік. Сондықтан халық тексеріске түсіністікпен қарайды деп сенеміз.

Аппарат қойылу керек адамның өмірі үшін барлық нәрсені күтуге болады. Теракт басқа елде ғана емес, барлық жерде қауіпті.

Кіріп-шыққан адамдардың не алып кіріп - шығып жатқанын ешкім білмейді ғой. Соны тексерген дұрыс деп ойлаймын. 


Темір іздеуші құрылғы Ақтөбедегі темір жол вокзалына да орнатылды. Оның көмегімен кіріп-шыққан азаматтардың сөмкелері сканерден өтеді. Темір жол мамандарының жұмысына Ішкі істер департаментінің өкілдері де қолғабыс етіп келеді.

Үрзимат Махатов, «Вокзал-қызмет» АҚ батыс аймақтық филиалы директоры:

Іштен шыққан адамдарға, оларға жеке есік дайындап қойдық. Ал ішке кіретіндер металлодетекторден өтеді. Қазір әкімшілікке хат жолданды. Жер беруге. Өзіміздің қоғамымыздың атынан қазір пландар дайындалып жатыр. Ақша бөлініп жатыр. Келесі жылы соған сайлы КПП салынады.

Ақтөбе вокзалы күніне 20-22 пойыз қабылдайды. Бір тәулікте 3 мыңнан астам жолаушы арнайы құрылғы арқылы тексеруден өтеді. Дегенмен, төтенше жағдайдың айтып келмейтіні белгілі. Әдетте қайғылы оқиғалардың басты себебі - қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады. Сондықтан жер-жерде қауіптің алдын алу әрекеттері барынша қолға алынып жатыр.

Айгүл ЕРМАХАН, Мансұр ЕСҚОЖИН