Дүниежүзілік
сауда ұйымы қатарына өту арқылы Қазақстан әлемдік экономикаға жол ашады. Бұл
жайында еліміздегі Қытайдың бас консулы Чжан Вей Шығыс Қазақстан облысы және
ҚХР кәсіпкерлері бас қосқан жиында айтты.
Чжан Вэй, ҚХР Қазақстандағы бас
консулы:
Меніңше, бұл әлемдік нарыққа
шығуға мүмкіндік беретін қадам болып табылады. Яғни енді қазақстандық өнімнің
бәсекеге қабілеттілігі артады. Ал бұл жағдай Қазақстан экономикасының қарыштап
дамуына жол ашады. Қазақстанның жақын әріптесі болғандықтан, біз сіздерді шын
жүректен құттықтаймыз.
Өскеменде
өткен шара барысында Қытай кәсіпкерлері Шығыс Қазақстан облысының
инвестициялық жобаларын тамашалады. Нақтырақ айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы
аясында қолға алынған жобалар, энергетика, ауыл шаруашылығы, металлургия, қайта
өңдеу және жеңіл өнеркәсіп саласындағы тың бастамалармен танысты. Екі елдің
кәсіпкерлерімен өткен бинзес форумда тараптар өзара ымыраластық жөніндегі
меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Үржар ауданында құны 2,5 млрд теңгені
құрайтын ұн өңдеу кешені салынбақ. Ал, Аягөзде 100 мың бас асыл тұқымды қойға
арналған мал шарушалығы кешенінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Қытай
инвестициясын тарту арқылы өңірде текстиль өндірісін жолға қою жоспарланып
отыр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ