$494.84 €537.4 ₽5.58
×

Президент EXPO-2017 көрмесінің дайындығын қатаң сынға алды

AstanaTV
13.07.2015ж. 20:00
1138
Президент EXPO-2017 көрмесінің дайындығын қатаң сынға алды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев EXPO-2017 көрмесіне дайындық барысын қатаң сынады. Халықаралық деген дардай аты бар көрменің дайындығына арналған жиында Елбасы әлі күнге дейін көрмеге қанша елдің қатысатыны белгісіз екенін айтып, сынға алды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттің айтуынша, жұмыстың ұйымдастырылу барысы төмен, көрме алаңындағы жер телімдер тиімсіз жұмсалып жатыр, жобалау жұмыстары ақсап жатыр, нысандардың құрылыс бағасы жоғарылап, салдарынан қаржы жымқырылып жатыр. Елбасы ЭКСПО мен Универсиаданың әр тиынын үнемдеуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге қатысамын деген елдермен әлі күнге дейін бір де бір келісім жасалмағанын да сынады. Және де құрылымдар арасында байланыс жоғын атап, Үкімет тарапынан үйлестірудің мүлдем жүргізілмей жатқанын айтты. Әркімнің өзіне берілген шағын ауданына ғана жауап беріп отырғанына наразылық білдірді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ЭКСПО жөнінде өте қолайсыз жағдайлар болды. Ұрлық-қарлыққа түсіп, біздің қойған азаматтарымыз қазір тергеудің үстінде жатыр. Не істеп жатырмыз, не қылып жатырмыз? Шақыру басқа мемлекеттердің өкілдерін бізге, туристердің келуі, халықтың келуі бізге, осы жақ өте кейіндеп жатыр. Болашақтың энергиясы деген тақырыппен жүргізіп жатырмыз. Ол жөнінде де істеліп жатқан жұмыс аз. Басқа мемлекеттерді аралап, бар болғаны 40-ақ мемлекет келеміз деді. Неге?

Еске салайық, «ЭКСПО-2017» компаниясының басшылығы қомақты соманы заңсыз жұмсау дерегіне күдікті ретінде әшкереленіп, үй қамаққа алынған болатын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ