$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қарағандының бұрынғы шенеуніктерінің ісі сотқа берілді

AstanaTV
13.07.2015ж. 20:00
1296
Қарағандының бұрынғы шенеуніктерінің ісі сотқа берілді

Экс-премьер-министрдің және Қарағанды өңірінің бұрынғы шенеуніктерінің ісі сотқа бүгін берілді. Үкіметтің бұрынғы басшысы Серік Ахметов, облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев және қаланың экс-әкімі Мейрам Смағұлов бастаған облыс әкімшілігі мен коммерциялық ұйымдардың бірқатар лауазымды қызметкерлеріне қатысты істі енді сот қарайтын болды.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды. 150 томға арқау болған атышулы істі прокуратура бір жылға жуық зерделеген. Құқық қорғаушылар бүге-шігесін жыл бойы құпия сақтап келген құжаттар бүгін облыстағы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына тапсырылды. Іс бойынша, барлығы 21 фигурантқа "қызмет бабын асыра пайдаланып", "бюджет қаражатын ұрлады", "кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты" деген бірнеше айып тағылған. Оның үстіне, Серік Ахметов аса ірі көлемде пара алғандығы үшін жауапқа тартылмақ.

Еске салсақ, өңірдің бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктері бірнеше жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен өткен жылдың күзінен бастап бірінен соң бірі қамауға алынған болатын.

Айжан ҚУАШ