Қызылжар өңіріндегі тағы бір жазғы лагерде балалар уланып қалды. Бұл жолы
Айыртау ауданындағы «Заря» демалыс мекенінде тынығып жатқан 21 адам мұрттай
ұшқан. Жалпы лагерде бұл мезетте 54 бала демалып жатқан. Олардың отыз бесі
Астанадан келсе, қалғандары - көкшетаулықтар.
Эпидемиолог мамандардың
айтуынша, оқушылар лагерь маусымының соңғы күнінде құс етін жеп, кейін бірден
дәрігер көмегіне жүгінген. Қазір демалыс орнында тексеріс жұмыстары жүріп
жатыр. Белгілі болғандай, бұзылған тағам өнімінің арнайы сертификаты жоқ болып
шықты.
Марат Жексембин, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің
басшысы:
Балалар құс етін жеген. Тексеріс жұмыстары көрсеткендей, еттің сертификаты
жоқ. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы балалардың
жағдайы қалыпты. Ешкім аурухананың жансақтау бөліміне түскен жоқ.
Марат Жексембин, өткен аптада «Серебряный бор» жазғы лагерінде 60 баланың улану дерегі бойынша, жорамалды
себепті де жариялады. Соған сүйенсек, ауруды асхана кызметкері таратқанға
ұқсайды. Десе де күдіктінің санитарлық кітапшасы бар екен. Құзырлы орган
өкілдері оның нақты қай дертпен ауыратындығы туралы ашып айтпады. Төтенше
жағдайдың шынайы себебі тек зерттеу қорытындысынан кейін ғана белгілі болады
деді. Дегенмен ұшынған балалардың қазір денсаулығы қалыпты екенін хабарлады.
Көпшілігін ата-аналары үйлеріне алып кеткен.
Прокуратура
мамандарының мәлімдеуінше, аталмыш лагерде демалған 156 жеткіншектің басым
бөлігі Көкшетау қаласынан келген. Оқушылар кешкі астан соң мазасызданып,
жартысына жуығы төсек тартып қалды. Айта кету керек, улану фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты, тұтынушылар
құқығын қорғау департаменті облыстағы бүкіл жазғы лагерлерді тексеруді көздеп
отыр.
Абзал ҚҰРМАНКИН