$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Атырауда құс тұмауы тіркелді

AstanaTV
13.07.2015ж. 20:00
1880
Атырауда құс тұмауы тіркелді

Атырау өңірінде құс тұмауы тіркелді. «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Шалыга» аралынан өлген суқұзғын құсынан алынған сынама жоғары патогенді H5N1 құс тұмауын анықтады. Сараптама қорытындысын Италиядағы Зоопрофилактика институтының Халықаралық құстар аурулары жөніндегі референтті зертханасы шығарыпты. Бұл туралы біздің арна тілшісіне Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары хабарлады. 

Мереке Шалқаров, Атырау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы:

Астана ветеринарлық референттік орталығы Н5 құс тұмауын қойған еді, одан нақтылау үшін халықаралық Италиядағы зертханаға жолданған болатын сараптамаға. Содан осы Н5N1 деген жоғарғы патогенді құс тұмауын нақты қойған. Қазіргі уақытта аңшылыққа ешқандай жолдамалар беріліп жатқан жоқ. Күзге дейін көреміз, тағы да қайталап сынамалар алынып, нақты дәлел сонда айтылады.

Еске салайық, сәуірде NСОС компаниясы құстардың көктемгі санағы кезінде «Новинск» қорығында 70 шақты бұйра бірқазанның жаппай қырылғанын байқап, жергілікті атқарушы органға хабарлаған болатын. Ал мамыр айында облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықтағы «Шалыга» аралынан да бірнеше теңіз бакланы өлі күйінде табылды. Іле-шала қос аумақтан сараптама үшін бірнеше сынама алынып, Алматы мен Астанадағы микробиология және вирусология институтына жіберілді. Кейін Италиядағы халықаралық зертханаға жолданған еді. Италиялықтар құс тұмауын растаған.

Енді атыраулық мамандар құс тұмауының облыс аумағында қанаттылар арасында таралып кетуіне жол бермеуі тиіс. Олардың айтуынша, құс тұмауы үй құстарына да өте қауіпті. Сондықтан құс шаруашылығы иелеріне қанаттыларды ашық айдындарға шығармауы ескертілген. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ