Елордада жолаушылар тасымалы қызметін жандандыру жұмыстары салдарынан ірі
автобус паркінің 200-ге жуық қызметкері тұрақты жұмыссыз қалды. Астаналық
нөмірі жетінші автобус паркінің қызметкерлері қалалық жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасының шешіміне наразы. Олардың айтуынша, қалалық
мекеме бес тасымал бағытының үшеуін заңсыз тартып алды. Алайда көлік
басқармасының өз айтары бар. Мекеме басшылығы аталмыш парк қызметіне қатысты
жылдар бойында түскен шағымдар қордаланып, осындай түбегейлі шешім қабылдауға
мәжбүр болдық деген уәжді алға тартты. Толығырақ Азамат Алдоңғаровтың
материалында.
«Темір Тұлпар» немесе жетінші автобус паркі астаналық жолаушылар тасымалы
нарқында он жылға жуық қызмет етеді. Жұмысын жолаушылар тасымалының жалғыз
бағытынан бастаған кәсіпорын, жылдар ішінде кеңейіп, 1 млрд 200 млн теңгеге
жаңа 91 көлік алған. Алайда оныншы шілде күні парктің жолаушылар тасымалында
жүрген 64 автобустың қырық тоғызы үш бағыт бойынша жұмысқа шықпай қалыпты.
Сотрудник управления транспорта забирал трафареты. Мотивируя
это тем, что 46, 40 и 50 маршруты с нашим автопарком расторгли договор.
Көлік паркінің қызметкерлері арадағы келісімшарт біржақты бұзылды дейді.
Парк басшылығы көлік басқармасынан алдын-ала хабарландыру алғанымен, олардың
қолында басқарма әрекетін заңсыз деп таныған сот тағайындауы да бар. Оған
сәйкес жетінші паркпен арадағы келісімшарт сот арқылы бұзылмай, аталмыш үш
бағыт бойынша жаңадан байқау жариялауға, басқа парк құзырына беруге заңды негіз
жоқ. Тасымалдаушылар осы шағыммен «Атамекен» ҰКП да шағымданған. Парк қолында
палатаның, соттың, тіпті прокуратураның басқарма әркетін заңға қайшы деп
таныған құжаттар бар көрінеді. Десе де, 11 шілдеден аталмыш үш бағытта басқа
тасымалдаушы қызмет көрсете бастады.
Жомарт Молдахмет, «Темір Тұлпар» ЖШС директорының орынбасары:
Қалаға жаңадан «Ивеко» маркалы автобустар келді. Басқарма қазір оларды
жолаушылар тасымалдау бағыттарына белгілеп жатыр. Бағыттар жетіспейді. Енді
басқарма бізден бағыттарды тартып алып, жағдайдың оңай шешімін тауып отыр. Бірақ бұл мәселе неге біздің бағыттарымызды тартып
алу арқылы шешілу керек. Біздің қандай кінәміз бар?
Парк басшылығы көлік басқармасына мәселені ымыраласып шешуді ұсыныпты.
Жұмысы бір ізге түскен, табысты үш бағыттың орнына басқа бағыттар беруді
өтініпті. «Алайда басқарма еш келіссөзге иланғысы жоқ», - дейді серіктестік
өкілдері. Өз кезегінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасы келісімшарт жалғыз жетінші паркпен емес, басқа да тасымалдаушылармен
тең бұзылғанын айтады. Алайда бағыттарды қайта бөлу байқауына қатысудан жетінші
парк басшылығының өздері бас тартыпты.
Әбдіхамит Тамабаев, Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасы жетекшісінің орынбасары:
40, 46,50 және 130-ыншы бағыттарды байқау негізінде басқа тасымалдаушы ұтып
алды. Барлығы заңға сай. Сондықтан он бірінен бағытқа жаңа тасымалдаушылар
шықты. «Темір тұлпардың» аталмыш бағыттарда қызмет көрсетуіне құқығы жоқ.
Көлік басқармасы аталмыш өзгерістердің барлығы жолаушыларға қызмет көрсету
сапасын арттыру үшін жасалып отыр дегенді алға тартады. Осылайша бір-бірімен
түсінісе алмаған тараптарға төрелікті 20 шілдеге белгіленген сот айтпақ.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ