$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстандық кәсіпкерлер: Украинаның Қазақстанға сүт өнімдерін экспорттауы ауыл жұртының малсыз қалуына әкеліп соғады

AstanaTV
13.07.2015ж. 20:00
1725
Қазақстандық кәсіпкерлер: Украинаның Қазақстанға сүт өнімдерін экспорттауы ауыл жұртының малсыз қалуына әкеліп соғады

Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер Украина сүт өнімінің Қазақстан нарығына енуін қолдамай отыр. Олардың ойынша, «бұл қадам - еліміздегі ірі қараның азаюына алып келеді». Еске салайық, таяуда Украинаның экономикалық даму және сауда министрі Айварас Абрамавичус өз еліндегі өндірушілер сүт өнімдерін Қазақстанға экспорттайтыны туралы мәлімдеген болатын.

Теріскейлік сүт зауыттары өкілдерінің пайымдауынша, Украинаның арзан тауары қазақ еліне енгеннен кейін отандық өнімге деген сұраныс азая түседі. Кейін өз өнімін өткізе алмаған зауыттар қарапайым тұрғындардан сүтті сатып алуды тоқтатуға мәжбүр болады. Ең ақырында, сүтін өткізе алмаған ауыл жұртына малды сойып, таза ет ретінде сатуға тура келеді, деп санайды сүт зауытының директоры Сергей Чепурко.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын кәсіпорындар адам басына шаққанда шамамен 800 литр сүт өндіреді. Бұл облыс сұранысынан 4 есе көп. Сондықтан өндіріс ошақтары тұтынушыларды басқа өңірлерден іздейді екен. Осы саладан нәсібін тауып жүргендердің пайымдауынша, отандық сүт өндірушілері украиналық компанияларға төтеп беруге қауқарсыз.

Сергей Чепурко, СҚО Қызылжар ауданындағы сүт зауытының басшысы:

Украина жылына 17 млн тонна сүт өндіреді. Ресейдің өзін қамтыған олар 17 млн халқы бар Қазақстан нарығын демде жаулап алады. Әрине, арзан тауар сатып алған біздің жұртқа бастапқыда тиімді болады. Бірақ ауыл халқы бар малын сойып, сүт өндіру зауыттары жабылғаннан кейін, украиналық компаниялар бағаны аспандатып жібереді.

Ал тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, сыртқы бәсекелестікке төтеп беру үшін үкімет жаңа қаржылай қолдау бағдарламаларын ойлап табуы керек. Теріскейлік ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тұрар Ысқақовтың ойынша, тығырықтан шығар жол, ол - отандық өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін билік жеке компанияларға қосымша демеу қаржы бөлуі тиіс.

Тұрар Ысқақов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының СҚО бойынша өкілдігінің төрағасы:

Үкімет бизнес субъектілерін қолдайтын жаңа механизмдерді қабылдауы қажет. Бұл амал-шарттар Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерін айналып өтіп, отандық кәсіпкерлерге мықты бәсекелестік құруға жол ашуы тиіс. Мұндай тәжірибені бірқатар елдердің қолданып жүргені жасырын емес. Сондықтан бізге де дәл осындай іс-әрекетке көшу керек. 

Абзал ҚҰРМАНКИН