Иран мен әлемдік державалардың «алтылығы» ядролық
қаруға қатысты тарихи келісім жасасқан соң, мұнайдың әлемдік нарықтағы құны
одан бетер құлдырай түсті. Бұл жайында Блюмберг агенттігі хабарлайды. Десе
де қара алтын бағасының төмендеу қарқыны қатты емес. Бүгін Брент маркілі мұнай
2,1% құлдырап, барреліне 65,63 АҚШ долларын құрады. Ал WTI 2,3% арзандап, баррелі 50,95 долларды
құраған.
Айта өтейік, Бүгін Венада Иран мен
МАГАТЭ Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты түпкілікті келісім
жасасты. Бұл жайында ирандық және батыстық дипломаттарға сілтеме жасаған
Reuters агенттігі жазады. Еуро одақ
тарапының өкілі де бұл ақпаратты растап отыр. Ол, Иран мен алтылықтың сыртқы
істер министрлері бүгін Венада кездесіп, артынан баспасөз отырысын өткізеді, дейді.
Келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне Иранға
салынған халықаралық санкциялар жұмсармақ. Сондай-ақ, мәмілеге сай Иран 8 жыл
бойына уран байыту жұмыстарын тоқтатады. Ислам республикасы тіпті уранды геологиялық
барлау мен зерттеуден де бас тартуға мойынсұнды. Арак ядролық нысандарын да тек
бейбіт мақсатта қолдануға уәде етті. МАГАТЭ бұны қатаң бақылауға алатын болды.