Алматыдағы
Сейфуллин даңғылының бойында тағы да жылу құбыры жарылды. Райымбек даңғылынан төмен Тобаяқов көшесінің
қиылысындағы диаметрі 800 миллиметрлік ыстық су құбырынан атқылаған нөпірді
алдымен көлік жүргізушілер байқаған.
Адам құшағына сыймайтын үлкен құбырдан атқылған су әсіресе сол маңнан өтіп бара
жатқан жүргіншілер мен көліктерге қауіп төндірген. Куәгерлердің айтуынша, сарқырамаға ұқсас су көлік жолының үстінен өтіп жатқан аспалы құбырлардан
аққан. Абырой болғанда, судың орташа температурасы +40 градустан аспаған.
Бұл
аумаққа жауапты «Алматы электр
станциялары» акционерлік қоғамы оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Мекеме
мамандарының айтуынша, бүгін таңертең шамамен сағат 10:51-де жөндеу жұмыстарын
жүргізу үшін құбырлар кесілген. Сол сәтте оның ішінде қалған қалдық су қысыммен
сыртқа атылған. Қазір компания өкілдері алдын ала тексеру жүргізбеген
мамандарды анықтап, тиісті шара қоланатындарын айтады. Апаттың салдарын жою
үшін 20-дан астам қызметкер жұмылдырылған.
Бисенбек
Сабырқұлов, «Алматы электр станциясы» АҚ өкілі:
Апатты
жағдай болған соң, мейлі ол кіші болсын, үлкен болсын, тиісті сараптама
жасалады. Сосын кімнің жауапты екені анықталады. Ал машина немесе асфальт жолы
бүлінген жоқ. Себебі онда су температурасы 25-40 градустан аспаған. Ал кінәлі
жазаланып, персоналды тексерілетін болады.
Айта
кетейік, бұл қаладағы Сейфуллин мен Райымбек көшелерінің қиылысындағы алғашқы
апатты жағдай емес. Осыған дейін үш рет ыстық су құбыры жарылып, ондаған адамды
күйік шалған еді. Ал екі жыл бұрын дәл осы жерде жылу трассасындағы
гидравликалық жұмыстар кезінде бір қарт адам ыстық суға күйіп, кейін қайтыс
болған еді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ