Астанада
банкоматтан құпия сөздерді ұрлауға әрекеттенген шетелдіктер құрықталды. Ішкі
істер департаменті дерегінше, банкоматтардың біріне құпия ПИН нөмірлерді оқитын
шағын-камералар орнатты деген күдікпен Астана әуежайында Молдованың үш азаматы
ұсталды.
Полиция бөлімшесіне елорданың
сауда орталықтарының бірінде орналасқан банкоматта видеокамераға ұқсас
құрылғының табылғаны туралы хабар келіп түскен. Тәртіп сақшылары тексеру
барысында бұл құрылғының ПИН кодты теру кезін видеоға түсіруге арналған камера
екенін анықтаған. Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен
Молдова Республикасының 20 және 30 жас аралығындағы үш азаматын ұстаған.
Олардың уақытша тұрғылықты жерін тексеру кезінде видеокамералар, микросхемалар,
флеш-карта, пластикалық карталар мен чиптер табылған. Қазір күдікті азаматтар
уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Еске салайық, осыған дейін еліміздің белді
банктерінің бірі банкоматтарында белгісіз құрылғылар табылғанын хабарлап,
кейбір клиенттердің есеп карталарын бұғаттауға мәжбүр болған еді.
София
Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24 және 188 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу
басталды. Осы баптың санкциясы бойынша 3 мыңға дейін
айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлеуі мүмкін немесе 5 жылға дейін бас
бостандығынан шектеу немесе осындай мерзімге
бас бостандығынан айыру.
Берік ХАСЕНОВ