$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қарағандыда 8 көп қабатты үй бір апта бойы жарықсыз отыр

AstanaTV
14.07.2015ж. 20:00
1450
Қарағандыда 8 көп қабатты үй бір апта бойы жарықсыз отыр

Қарағандыда 8 көп қабатты үй бір аптадан бері жарықсыз отыр. Электр қуатын таратушы «Қарағанды Жарық» компаниясы Екібастұз көшесіндегі үйлердің жарықты шамадан тыс пайдаланатынын желеу етіп, тоқты қиып тастаған. Осылайша артық шығынды азайтып, ұрлыққа тосқауыл қоймақшы. Алайда, монополистің бұл әрекетінен коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп отырған тұрғындар да жапа шегуде. Жаздың аптап ыстығында шай қайнатып ішуден қалған жұртпен біздің түсіру тобымыз кездесті. 

Ерік Ақмолдин өз отбасы бір аптадан бері туыстарын жағалап кеткенін айтады. Жарық өшкелі 3 баласына ыстық тамақ беру қиынға соққан. Ол электр жарығының ақысын тұрақты төлеп жүр. Дегенмен, жарыққа жауаптылардың тосын әрекетін түсіне алмай дал.

Ерік Ақмолдин: 

Тамақтың бәрі ескіріп кетті. Тоңазытқыш бос тұр. Сатып алып, жеп отырмыз. Сұмдық қой, одан да қыстақта тұрған жақсы еді.

Жарықтың жоқтығы әсіресе демікпемен ауыратын жалғыз басты Виктор Розумның жанына батып жүр. Бұрынғы кенші - қазір мүгедек. Ол тоққа жалғанатын ингалятор арқылы күнде кешке дәрі иіскеуі тиіс. Науқас қазір ем ала алмай қалды. Салдарынан тынысы тарылып, талып қалатын болған.

Виктор Розум:

Мен ингаляция жасамасам, жүре алмаймын. Ал, аппарат тоққа қосылмаса, жұмыс істемейді. Жарық қиылғалы бері, күн де ысып кетті. Дем ала алмай, бірнеше рет есімнен танып қалдым.

Мұндай жағдай осы көшедегі 8 көп қабатты үйге тән. "Қарағанды Жарық" мекемесі оларды бір апта бұрын тоқтан ажыратып тастаған. Сөйтіп, тұрғындардан жалпы бүкіл үйге жұмсалған электр қуатының ақысын төлеуді талап еткен. Алайда, жеке есептегіш құрал көрсеткен киловатт үшін ақшасын беріп отырған жұрттың монополиске қосымша қаражат бергісі жоқ.

Иван Коренов:

Біреу жарықты ұрлап пайдаланады, осы қарызды төлеңдер деп, тоқты қиып кетті. Оның үстіне қанша сома екені белгісіз, өткен жылдарды да қосып қойған. Мен өз пәтерім үшін төледім, неге өзгелер үшін қиналуым керек?

«Қарағанды Жарық» болса, аталған үйлерге электр қуатын босқа шығындап жатқанына сенімді. Сөздеріне сенсек, тұтынушылар жеке электр есептегіш құрал бойынша жарық ақысын төлегенмен, жалпы бүкіл үйге ортақ қуатты тегін пайдалануда. Артық киловаттарды арнайы қондырғы анықтаған. Сондықтан жалпы есептегіш көрсеткен қуат мөлшерінің ақысын тұрғындар төлеуі тиіс, деп отыр. Ал, жұрт келісімшартқа қол қоймаса, жарық берілмейді деп, кесіп айтты.

Алексей Хижняк, «Қарағанды жарық» ЖШС заң бөлімінің бастығы:

Тұтынушылар өз есептегіштерін ғана қолданып отырған жоқ. Олар «Қарағанды жарықтың» емес, өз үйлерінің басқа да электр сымдарынан жарық алып отыр. Бұл жалпы үйге кеткен шығын. Оны біздің трансформатордағы құрал көрсетіп тұр. Оның құны біздің пәтерлерге бергенімізден әлдеқайда көп. Яғни біз өз қызметіміздің ақысын сұрап отырмыз.

Алайда, ұсталмаған ұры-ұры емес демекші, электр қуатын кімнің заңсыз пайдаланып отырғанын ешкім білмейді.

Айжан Қуаш, тілші:

Мына үйлерде қыста жылу да болмайды. Сондықтан электр қуаты расында да көп пайдаланылады. Тұрғындар ол үшін жазда 7-8 мың, ал қыста 20-30 мың теңге төлейді. Ал, енді «Қарағанды Жарықтың» белгісіз шығынын төлеуді олардың қалталары көтермейтіні анық. Шарасыз халық биліктен көмек сұрап, бүгін бір ауыздан хат жолдады.

 Айжан ҚУАШ