$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Ұлттық банк теңгенің долларға қатысты тербеліс дәлізін 198 теңгеге дейін кеңейтті

AstanaTV
15.07.2015ж. 20:00
1428
Ұлттық банк теңгенің долларға қатысты тербеліс дәлізін 198 теңгеге дейін кеңейтті

Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының тербеліс дәлізін кеңейтті. Енді 1 АҚШ долларының жоғарғы шекті бағасы 198 теңгеге ұлғайтылды. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бұл қадам инфляцияны бақылауда ұстау үшін жасалғанын айтады. Жаңа дәліз елдегі валюта саясатын сақтай отырып, ұзақ уақыт қызмет етеді деп, сендірді ол. Теңгенің долларға қатысты жаңа дәлізі бүгіннен бастап күшіне енеді. Елордадағы айырбас пункттері бұл жаңалықты ести сала, бірден доллар бағамын өсірді. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Валюталық дәліз бүгінгі таңда оңтайлы деңгейде. Бірақ қазіргі уақытта доллар бағамы белгіленген межеден сәл асып кеткендіктен, биржада доллар бағамы 180 теңгеден жоғары. Осы орайда біз валюта саясатының орта мерзімді таргеттеу саясатына көшу қарсаңында доллар бағамының дәлізін 185 теңге плюс 13, минус 15 теңге деңгейінде, яғни 170 теңгеден 198 теңге аралығында кеңейту туралы шешім қабылдадық.

Десе де, Ұлттық банк төрағасы валютаның жаңа дәлізіне байланысты доллардың бағамы бірден шарықтап кетпейді деп басу айтты. Алдағы тоқсанда АҚШ долларының бағамы бүгінгі деңгейде қала бермек. Алайда, бір тоқсан өткен соң өзгеріс байқалатыны анық. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Бірінші жартыжылдықта доллар 2,5 пайызға өскен. Бұл жарты жылда болған өсім. Сондықтан бүгінде доллар 187 теңгені құраса, айтарлықтай өзгеріс болмайды. Сұранысты арттырудың ешбір қисынын көріп отырғанымыз жоқ. Жақын арада бүгінгі бағам қала береді. Біздің кеңейтілген дәлізге келетін болсақ, ол бірден орнамайды. Алдағы тоқсанда болады деп ойлап отырмыз.

Ұлттық банк төрағасы қолда бар ақшаны қандай валютада сақтау керектігін де айтты. Қаражатты инвестициялық мақсаттарыңызға сай теңге мен шетел валютасында теңдей қордалаған жөн деген кеңес берді. Жалпы, Қайрат Келімбетов еліміздің экономикасында инфляцияға қарамастан, өсім барын айтты. 2014 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7,4% құраған. Осы мерзімде тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше өзге мемлекеттердің экономикалық жағдай күрделірек. «Мәселен, Ресейдің жылдық инфляциясы 15,8%, Белоруссияда - 13,7% деңгейді көрсеткен. Ресей және өзге де шетел валютасының жай-күйі мұнай бағасына тәуелді болады», - дейді Келімбетов. Алдағы жарты жылда Брент мұнайының бағасы 55-60% дәлiзiнде ауытқуы мүмкiн деп қосты. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА