$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қазақстан «алтылық» пен Иранның қол жеткізген келісімін құптайды

AstanaTV
15.07.2015ж. 20:00
1197
Қазақстан «алтылық» пен Иранның қол жеткізген келісімін құптайды

Қазақстан Иран мен әлемдік державалардың «алтылығы» қол жеткізген ядролық қаруға қатысты тарихи келісімді құптайды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бүгін осындай ресми мәлімдеме таратты. "Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы айналасындағы мәселені әрқашан үнқатысу және келіссөздер жолымен ғана шешуді қолдады және кез-келген халықаралық шиеленістерді саяси-дипломатиялық жолмен шешу жалғыз дұрыс жол деп сенеді", - делінген хабарламада. Әлемнің көптеген ірі державалары да бұл келісімді қуаттап жатыр.

Ал Тегеран көшелерінде мереке. Ирандықтар мәре-сәре болып, тойлауға кірісті. Халық елге салынған халықаралық санкциялар жұмсаратынына қуанышты. Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани, ядролық қаруды теріс мақсатта пайдалану сынды арам пиғылымыз ешқашан болған емес, дейді.

Еске салсақ, 14 шілдеде Венада Иран және «алтылық» елдері ядролық қаруды бейбіт мақсатта қолдану жайындағы жол картасын мақұлдады. Келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне санкциялардан арылмақ. Айта өтейік, келісім 90 күннен кейін ғана күшіне енеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА