Астанада жарықсыз қалған алты жүздей кәсіпкер миллиондаған шығынға батқан. 5 күн электр қуатынсыз қалғандар арасында аурухана да, бірнеше білім ордалары да бар. Бұрынғы «Технопарк» аумағында шоғырланған кәсіпорындар мен мекемелер иелері бүгін жиналып, жарықсыз өткен бес күн үшін наразылық танытты.
Бақыт Диасқызы, кәсіпкер:
5 тәулік бойы электр энергия жоқ
болды. Біз ЭКСПО-ның, басқа да құрылыстардың, жекеменшік заказдарын жасап
жатырмыз. Қазіргі күнде бір предприятияны алғанда, 20-25 миллионға шығынға
отырып жатыр.
Албырт Жүндібаев, Қазақ
технология және бизнес университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы:
Бізде жатақханада 280 студент
орналасқан. Ол 280 студенттің 80-ге жуығы инвалид. Бізде осындай жағдай үнемі болып тұрады. 5-6 күн жарық болмайды. Осы жарықтың жоқтығы мүгедек
балаларға өте қиын.
Шағын бизнес өкілдерінің
айтуынша, электр қуаты бұл ауданда өткен аптаның бейсенбісінде өшкен. Алты
жүзге жуық жеке кәсіпкер бірнеше күн қатарынан тас қараңғыда отыруға мәжбүр
болды. Жиналған кәсіпкерлердің айтуынша, тиісті мекемелерге телефон соққанымен,
еш нәтиже болмады. Көмек болмағандықтан, кәсіпкерлер өз қалталарынан қаржы
шығарып, электр желісіне қайта қосылса керек.
Десе де, ашуға булыққан
кәсіпкерлермен кездесуге келген Астана РЭК өкілдері ағаттық бізден емес деп, қысқа қайырды. Белгілі болғандай, 50 гектар аумақтағы 3 қосалқы станция және 8
шақырым электр желісі жеке компанияның иелігінде екен. «Сондықтан апатты жою
сол компанияның мойнында», - дейді электр тасымалдаушы тарап. Ал, қалалық
әкімдік өкілдері, келешекте келеңсіз жағдайлар болмауы үшін, электр жүйелерін
заң негізінде жекеден алып, қала меншігіне өткізуді ұсынды.
Талғат Бейсенов, Астана қаласы
энергетика басқармасының маманы:
Бұл электр желісі жекенің
қолында. Қала оны өз меншігіне ала алмайды. Кәсіпкерлерге осыны түсіндірдік.
Біз өз тарапымыздан, электр желісін иесіз деп тану үшін, сотқа өтініш түсіруді
жоспарлап отырмыз. Ал бір жылдан кейін сот өз шешімін шығарар.
Берік ХАСЕНОВ