$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі іске қосылды

AstanaTV
15.07.2015ж. 20:00
1530
Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі іске қосылды

Алматыда автотұрақ мәселесі бір жүйеге түсіріле бастады. Енді қалада 77 арнайы алаңда ақылы автотұрақ ашылады. Жеңіл көліктер үшін мұндай тұрақтың құны әр сағатына 100 теңге болып бекітілді. Бұл жайында бүгін әкімдікте өткен брифингте айтылды.

Алмалы, Медеу және Бостандық аудандарындағы 2,5 мың көлікке арналған ақылы тұрақтарда арнайы инспекторлар жұмыс атқармақ. Олар жылжымалы паркоматтар арқылы ақыны қолма-қол жинайды. Ал жүргізушіге чек беріледі. Төлемнен бас тартқандарды сол маңда орналасқан арнайы бейнебақылау камералары тіркейді. Көлік тұрағы үшін саналы түрде ақы төлемейтіндерге 5 пен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ. Жаңа жүйе болашақта мүмкіндігінше электрондық түрде, яғни қолма-қол ақы алу үрдісін біртіндеп жоймақшы.

Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Қазірдің өзінде карточкамен төлеуге мүмкіндіктер бар. Ал банктік карточкамен немесе ұялы телефон арқылы төлеу мүмкіндігі де болады. Демек, біз ақшаны тікелей адам қолынан алатын факторды алып тастайтын боламыз. Ал басқа заңсыз жұмыс жасап жатқан азаматтар мен компаниялардан көшелерді тазартамыз.

Алматыда көше бойындағы автотұрақ мәселесі көп жылдан бері дауға түрткі болып келеді. Бейсауыт жүріп, көлік иелерінен қаржы жинайтын алаяқтық әрекеттер де жиілеген. Тіпті осы қыста 100 теңгелік автотұрақ құны үшін жанжалдасқан топ бір-бірімен қарулы қақтығысқа дейін барды. Қала билігі енді ғана автотұрақ желісін өркениеттендіру үшін қаржы бөліп, жаңа қадамдарды қолға ала бастады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ