Интернет арқылы такси шақыртуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар
кесірінен отандық такси парктері шығынға батып, жұмысшыларының санын қысқартуға
мәжбүр. Әсіресе Ресейден келген "InDriver" жүйесі ресми таксилерге
банкрот қаупін тудыруда. Ресми такси компаниялары лицензиясыз жүйіткитін жеке
тасымалдаушылардың қызметіне тосқауыл қоюды сұрап отыр. Мобильді қосымшаның
кемшіліктері де жоқ емес. Ал тұтынушылар арасында полицияға арыз да
түсіргендері бар. Ресейлік қосымшаның Қазақстан заңнамасына сәйкестігі, табыстан
салық төлеу жүйесі де түсініксіз. Айгүл Әдепбай такси нарығын шолып шықты.
Аты-жөнім, мынау туған жылым. Мынау мерседес, аты машинаның. Бұны көреді, тапсырыс бергенде, өзінің телефонына тура осының
барлығы атып шығады.
Түгелбей Ысқақов такси шақыртушы «InDriver» мобильді қосымшасын қосып
алғанына үш ай болған. Темір тұлпарының атын атап, түрін түстеп, өзінің де
суретін жүктеп қойған.
Түгелбай Ысқақов, жеке тасымалдаушы:
Өте ыңғайлы. Жолаушыларға да, бізге де көлік жүргізушілеріне. Екі жаққа
бірдей ыңғайлы. Бос жүру өте аз. Жанармайға өте үнемді. Барған жерден тұрып,
сол жерден жолаушы аламыз.
InDriver - такси шақыруға арналған ұялы телефондағы мобильді қосымша. Жолаушы
бағаны өзі белгілейді. Ал жақын маңдағы көлік оны жол-жөнекей ала кетіп, жылдам
жеткізіп салады. Жолаушы жүргізушінің аты-жөнін, жасын, көлігінің маркасын өз
смартфонында бірден көреді. Қосымша Ресейден келді. Сол-ақ еді, біздің
нанымызды тартып алды деп, отандық ресми такси парктері айғайға басты.
Алмат Қайратұлы, такси қызметі сату
бөлімінің бастығы:
Олардың бағалары арзан, өйткені оларда сервис жоқ. Өз машинасымен келіп,
машинасы кір, қандай водитель екенін білмейсіз. Жүргізуші ішіп алған ба, немесе
есірткі тұтынған ба, білмейсіз. Жүргізушілер саны азайып жатыр, өйткені тапсырыс
азайып жатыр. Диспетчерлерге де ақша жағынан қысым келіп отыр.
Мобильді қосымша шығынға батырып жатыр десе де, ресми такси парктері
бағаларын төмендеткісі жоқ. Ал мобильді тізгіншілердің қызметі арзан екені
белгілі. Бірақ оның ең басты кемшілігі - қауіпсіздігінде. Астанада мобильді
шақыртумен келген жүргізуші жолаушы қызға дөрекілік танытқан.
София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің
жетекшісі:
4 шілде күні жүргізушіге қатысты 26 жастағы қала тұрғыны арызданған
болатын. Арыз бойынша қазіргі кезде ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік
өндіріс басталды. Қазіргі кезде барлық материалдар ауданаралық мамандандырылған
әкімшілік сотқа жіберілетін болады.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері тұрғындарды жеке көліктердің емес,
ресми, заңды таксилердің қызметіне жүгінуге кеңес береді.
Ресейде отырып алып, Интернет арқылы Қазақстанда пайда тауып отырған
мобильді қосымшаның жұмысына салық органдары қызығушылық таныта бастады.
Дегенмен шетелдік компанияның өзі Қазақстандағы қызметтері заңды екенін айтады.
Надежда Алексеева, InDriver сервистік компаниясының баспасөз хатшысы:
Барлық салықты заң бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы 1996 жылдың 18 қазанында қабылданған конвенцияға сай уақытылы төлеп отырмыз. Бізде қызметтің
сапасын бақылайтын бөлім бар.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Мобильді қосымшамен қатар такси шақырудың ескі әдісі де ығысар емес. Қол
көтере салсаңыз, болғаны. Бұл да жылдам, бұл да арзан, бірақ бұл да қауіпті.
Сондықтан ресми таксистерге қатаң бәсекеге шыдас беру үшін жаңа айлаға көшу
керек сияқты.
Айгүл ӘДЕПБАЙ