$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Талғат Ермегияев ЭКСПО-дан ұрланған қаржыдан 4,2 млрд теңгені сыйақы ретінде алған

AstanaTV
16.07.2015ж. 20:00
1776
Талғат Ермегияев ЭКСПО-дан ұрланған қаржыдан 4,2 млрд теңгені сыйақы ретінде алған

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевтің бюджет бүйірінен қанша соманы жымқырғаны белгілі болды. Ол ұрланған қаржыдан 4,2 млрд теңгені сыйақы ретінде иемденсе керек. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Айгүл Шайымова мәлімдеді.

Айгүл Шайымова, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы:

Бүгінде Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы лауазымды қызметкерлерінің бір тобымен және жалған құрылған мекеме басшыларымен ЭКСПО-ға бөлінген бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырды деген күдік бар. Тергеу амалдары Ермегияевтің ұрланған ақшадан заңсыз сыйыақы ретінде 4 млрд 200 миллион теңгені қолмақол ақша түрінде алғанын анықтады. Қазіргі таңда сот 10 адамды қамауға, үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Талғат Ермегияев Қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-тармағы бойынша өзгенің мүлкін жымқыру фактісімен күдікті ретінде танылып, 2 айға үйқамаққа алынған еді. Оның алдында  «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Үсенов ұсталып, ол да үйқамаққа алынған болатын. Ал бүгін түстен кейін ұлттық компанияның жұмыстан кеткен өзге қызметкерлеріне қатысты да ақпарат шықты. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі парақшасына мынадай түсініктеме берген. 

«Қазіргі уақытта «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына кейбір қызметкерлердің жұмыстан кетуіне байланысты БАҚ-тан көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Аталмыш сұрақ әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Ол қызметкерлердің жұмыстан өз еріктерімен кеткенін айтқымыз келеді. Сондықтан олардың не себепті кеткенін талқылап, компаниядағы жұмысына баға беріп және олардың көпшілік алдында айтқан сөздерін талқылау әдепсіздік, этикаға жатпайды деп санаймыз».

Еске салайық, аты шулы тұтқындаулардан кейін ұлттық компаниядан ЭКСПО-ның басқарушы директоры Салтанат Рахымбекова мен басқарма төрағасының экс-орынбасары Вера Кобалия жұмыстан кетіп, түрлі сауал туындатқан-ды. Вера Кобалия басқарма төрағасының орынбасары болып жарытып та үлгермеді. Грузияның бұрынғы экономика және тұрақты даму министрі болған ол қазақстандық компанияда 4 ай ғана қызмет атқарды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ