Қарағанды
облысының бұрынғы шенеуніктерінің ісі қаралатын сот залы анықталды. Облыстық
сот ғимаратының алқабилер залы кең болғандықтан, арнайы таңдалыпты. Қарағанды
облыстық сотының баспасөз қызметі бүгін осыны хабарлады. Экс-премьер-министр
Серік Ахметовтың, облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен қаланың басшысы
болған Мейрам Смағұловтың ісі қаралатын сотқа қатысқысы келетіндердің көп
болатыны анық.
Алайда, сот процесі алқабилер залында өткенмен, аты шулы іске
билер емес, судья Исламхан Есенбаев төрелік етеді. Облыстық соттың дерегінше,
Исламхан Есенбаев - тәжірибелі судьялардың бірі. Қазір ол шілденің 13-і күні
Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына түскен 150 томдық
қылмыстық іспен танысып жатқанын жеткізді. Алдын ала тындалым өтетін күн ертең
жарияланбақ.
Гүлбаршын
Жітікова, Қарағанды
облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қылмыстық
іс судья Исламхан Есенбаевтың қарауына еш ойланбастан берілді. Іс
материалдарымен танысып, 5 күннің ішінде сот өндірісіне жіберіледі. Процесс
алқабилер залында өтеді. Техникалық ұйымдастыру жағынан барлық жағдай
жасаймыз.
Аталған
қылмыстық іс бойынша, аты аталған шенеуніктерден өзге 18 адам айыпталушы
орындығына отырады. Қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджет қаражатын ұрлады,
кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген бірнеше айып тағылып отыр. Қарағанды
облысының бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктері бірнеше жемқорлық қылмыс жасады
деген күдікпен өткен жылы бірінен соң бірі қамауға алынған болатын.
Айжан ҚУАШ