Солтүстік
Қазақстан облысындағы «Заря» лагерінде жаппай уланған балаларға қатысты
медициналық сараптама қорытындысы шықты. Нәтижесінде балалардан сальмонеллез инфекциясы табылған. Облыстық
тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының мәлімдемесіне сәйкес,
инфекция құс етінен анықталған.
Сондай-ақ, асхана жұмысын ұйымдастыруда заңсыздық әшкере болды: демалыс орнын
азық-түлікпен қамтыған кәсіпкер мен лагерь басшылығы арасында ресми
келісімшарттың жоқтығы белгілі болыпты. Қазір бұл фактіге қатысты қылмыстық іс
қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті. Бұдан бөлек, «Серебряный бор»
лагерінің асханасында қызмет еткен 4 азаматтың жұмысқа қабылданар алдында
бактериялық ауруларға тест тапсырмағаны белгілі болды,- деп хабарлайды құзырлы
мекеме өкілдері.
Марат
Жексембин,
СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
Лагердегі
4 қызметкердің бактериялық тексерістен өткені расталмады. Біреуінде тіпті
дизентерияны қоздыратын инфекция табылды. Бірақ жергілікті медициналық мекеме
бұл қызметкерлерге жұмыс істеуге рұқсат беріпті. Қазір біз осы бағытта жұмыс
істеп жатырмыз. Бүгінде 5 баланың ата-анасы өз шағымдарын айтып, лагерьден
өтемақы ретінде 400 мың теңгеден астам ақшаны талап етіп отыр.
Еске
салайық, өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысының екі бірдей жазғы лагерінде
жүзге жуық бала уланып, ауруханаға түсті. Олардың дені Көкшетау және Астана
қалаларынан келген. Төтенше жайттан кейін прокурорлар мен эпидемиологтар шұғыл
түрде тексеріс жұмыстарын қолға алды. Қазір бұл лагерьлер уақытша жабылған. Қос
бірдей мекемеге қатысты іс қозғалды.
Айта кету керек, елді елең еткізген оқиғадан кейін құзырлы мекеме өкілдері
облыстағы 18 лагерьдің барлығында тексеру жұмыстарын бастады.
Абзал ҚҰРМАНКИН