Атырауда ағалы-інілі үш жылдан
бері ата-анасынан қалған баспана үшін соттасып жүр. ІІ-ші топтағы мүгедек Құсайын Зұлқашев туған
інісі Рүстемді өзі тұрып жатқан үйді рұқсатсыз иемденіп, өзгеге сатып жіберді
деп шағымдануда. Ал інісі баспананы әкесінің заңды түрде сыйға бергенін айтып
отыр. Туғандардың арасындағы кикілжіңінен шиеттей балалар зардап шегіп отыр.
Өйткені үйдің жаңа иесі енді мүгедек отбасын бала-шағасымен баспананы босату
туралы сотқа шағымданған. Тараптардың тартысын Базаргүл Нәдірқызы тыңдады.
Бейбітшілік көшесіндегі мына
үйде Зұлқашевтардың үйемелі-сүйемелі 12 баласы өсіпті. Баспана әу-баста
аналарының атында болған, ол қайтыс болғаннан кейін әкелерінің иелігіне өткен. "Бауырларым өз басына бөлек шыққанда, шаңырақта мен қалдым",- дейді Құсайын
Зұлқашев. Оның айтуынша, әкесі кенже баласы Рүстемге өзге балаларының
рұхсатынсыз үйді сыйға тартқан.
Құсайын Зұлқашев:
Бүкіл бәрінің дарственный
долясын бір балаға аударып жіберген, үн жоқ, түн жоқ. Нотариус әкемнен сұраған
екен, мына қалған балалар қайда, долясының рұқсаты керек қой, дегенде, менің
ешқандай ұлым, қызым жоқ, бір баладан басқа, депті. Солай аударып жіберген дейді. Мен енді қайда
барамын бес баламмен, өзімнің түрім мынау.
Ал сұхбат беруден бас тартқан
Рүстем, отбасының кенжесі болғандықтан, әке таңдауы маған түсті, дейді. Айтуынша, қара шаңыраққа тұрғысы келіпті.
Ағасын отбасымен шығару үшін сотқа да шағымданған. Бірақ Құсайынның кішкене
балалары барын ескеріп, сот пәтерден бөлек есік шығарып, бауырларға бір үйді
бөлісуге кеңес берген. Пәтер жалдап шаршадым деген інісі Рүстем дау болған әке
үйін сатып құтылыпты. Енді жаңа
қожайындар мүгедек отбасын бала-шағасымен көшуін талап етіп, сотта жеңіске
жеткен.
Боранбай Ғалиев, Атырау облысы сотының баспасөз хатшысы:
Талапкер Айжан Саппаева Атырау
қалалық сотына Балықшы поселкесінде орналасқан
тұрғын үйдің иесі өзі екенін айтып, сол үйде тұрып жатқан азамат Құсайын Зұлқашевты үйден шығару туралы талап
арыз келтірген болатын. Атырау қалалық
сотының 10 шілдедегі шешіміне сәйкес талапкердің талап арызы қанағаттандырылды.
Заңгерлік кеңес беретін
компания басшысы Қайырберлі Сабыров жұмыс барысында баспанаға қатысты мұндай
даулы мәселелер жиі кездесетінін айтып отыр. Оны мұнайлы астанада пәтер құнының
қымбаттығымен байланыстырады. Ал Зұлқашевтардың әкесі сыйға тарту кезінде Заң бойынша
өзге балаларының рұхсатын алуы керек еді,- дейді заңгер.
Қайырберлі Сабыров, заңгер:
Азаматтық кодексте
көрсетілгендей, қазіргі тірі балалардан рұхсат сұрайды нотариус. Мына баланың
біреуіне берейін деп жатыр, анау келісе ме екен. Егер де бір баласы келіспей,
сондай жағдай болса, оны сот шешеді деп, нотариус құжат толтырмай, сот шешеді
деп, қалдырады.
Аралары суыған ағайындылардың
әкесі бүгінде тағы бір баласының қолына көшкен. Ал дауға айналған баспананың
өзі құлағалы тұр. Әбден ескірген, іші сыз тартады. Содан ба Құсайынның егіз
баласы созылмалы бронхит ауруына шалдыққан. Қызы қояншық ауруымен есепке
алыныпты. Анасы - жұмыссыз, әкесі - мүгедек. Ауруы асқынғандарға енді тағы бір
уайым қосылды.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ