$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шетел жаңалықтары

AstanaTV
17.07.2015ж. 20:00
1890
Шетел жаңалықтары

Бірқатар елдердің лидерлері малайзиялық Boeing-777 ұшағының Украина аспанында апатқа ұшырауына кінәлілерді тауып, қатаң жазалауды талап етуде. Атап айтсақ, Австралия, Нидерланд, Малайзия және Украина "БҰҰ аясында халықаралық трибунал құру керек" деген үндеу тастады.

Ал Ресей президенті Владимир Путин бұл шешім "контрпродуктивті" әрі "мерзімінен бұрын" қабылданған деген ойда. Ресми Мәскеу, Украинаның шығыс аумағын бақылауға алған ресейшіл сепаратистер ұшақты қағып түсірді, деген версияны жоққа шығаруда.

Айта өтейік, бүгін Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing-777 ұшағының апатқа ұшырағанына тура бір жыл. Осыған орай Австралияның Канберра қаласында құрбандарды еске алу рәсімі өтті. Амстердамнан Куала-Лумпурге бет алған MH17 жолаушылар рейсі Украинаның үстінен ұшып бара жатқанда апатқа ұрынып, Донецк облысындағы Торез қаласы маңына құлаған еді. Бортында болған 289 адам түгел ажал құшты.

Индонезияда екі бірдей жанартаудың атқылауынан тағы үш әуежай жұмысын тоқтатты. Салдарынан он мыңдаған адам архипелаг аралдарынан қайта алмай отыр. Қазір Индонезияда барлығы 5 әуежай жабылған. Арасында туристер көп шоғырланатын Бали аралдары мен Сурабая қаласының әуежайлары бар. "Раунг" жанартауының атқылауы 2 аптаға созылды. Мұсылман қауым қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай тойланатын Ид аль-Фитр мерекесінде үйлеріне қайта алмай отырғандарына налиды.

Ал Жапонияда дүлей дауылдың салдарынан 350 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Елдің оңтүстігіне тап берген "Нангка" дауылы салдарынан көптеген аймақтарды сел басты. Киодо ақпарат агенттігінің хабарлауынша, екі адам мерт болып, тағы 31-і түрлі дене жарақаттарын алған. Ел билігі бүгін дауыл қайта күшеюі мүмкін екенін ескертеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА