$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ұстазды өртеп жіберген күдікті Қанат Садуовты ұстауға көмектескендерге сыйақы тағайындалды

AstanaTV
17.07.2015ж. 20:00
1429
Ұстазды өртеп жіберген күдікті Қанат Садуовты ұстауға көмектескендерге сыйақы тағайындалды

Астанада мектеп ауласында ұстазға өрт қою қылмысына күдікті Қанат Садуовқа халықаралық іздеу жарияланды. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, күдіктіні ұстауға құқық қорғау органдарымен қатар, әскерилер де жұмылдырылған. Тіпті Қанат Садуовты қамауға алуға көмектестендерге сыйақы да тағайындалған.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға мамырда орын алды. Елордадағы 25 мектептің мұғалімін, білім беру мекемесінің жанында белгісіз біреу үстіне бензин құйып өртеп кетті. Қатты күйікпен ауруханаға жеткізілген ұстаз есін жимастан дүние салды. Ал оған қастандық жасаған Қанат Садуов бұрынғы күйеуі болып шықты. 

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі кезде полиция қызметкерлерімен оның қай жерде болуы және оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің жеке құрамы мен ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері де осы Садуовты ұстауға бағытталған жұмысқа кіріскен.

Халықаралық іздеу Астананың тағы бір тұрғынына жариялануы мүмкін екенін айтады Ішкі істер қызметкерлері. Ол Достық даңғылында жол-көлік оқиғасын жасап, кейін апат орнынан қашып кеткен БМВ маркалы көліктің иесі. Ол бір бағытта келе жатқан ВАЗ маркалы көлігін қағады. Қатты соққыдан ВАЗ қарсы бетте келе жатқан жеңіл көлікке соғылады. ВАЗ көлігінің ішінде болған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Ал жүргізушілер жарақат алды.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бұл аталған фактілер ҚР ҚК 345 және 347 баптары бойынша, яғни жол жүру ережелерін өрескел бұзып, абайсызда кісі өліміне әкеп соққаны және көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ