Бүгін мұсылман қауымының ерекше мерекесі - Ораза айт басталды. Татулық пен
жанашырлыққа үндейтін мейраммен барша қазақстандықтарды Елбасы құттықтады.
Президент 130-дан астам ұлттың басын біріктіріп отырған Қазақстан үшін рухани
келісімнің мәні зор екенін баса айтты. Жер-жерде мұсылмандар Ораза мерекесін
ұлықтауға кірісті. Қазақстан қалаларында да мешітке келушілер қарасы қалың
болды. Өткенге аманат, келешекке салауат айтқан жамағаттың тілегін тілшіміз
Айгүл Ермахан да тыңдады.
29 күн Ораза тұтқан жамағат таң азанымен Алматыдағы Орталық мешітке
жиналды. Олар азанның дауысын естісімен айт намазын оқыды.
Биылғы Рамазан айының алдынғылардан ерекшелігі бар. Ауыз бекіту шіліңгір
шілдемен тұспа-тұс келді, оған қоса Ораза айттың бірінші күні Қасиетті жұмаға
түсті. Имамдар бұны жақсылыққа балап отыр.
Нұрбек Есмағанбет, Алматы қаласының бас имамы:
Екі мереке қатар келіп тұр Ораза- Жұма көп жылда бір қайталанатын, іздеп
күтетін жақсы мерекелердің бірі. Соңғы 2 жылдың санағы бойынша тек
мұсылмандыққа бет бұрғандар 2-3 есеге көбейгені туралы ақпарат бар.
Имам айтқан тура жолды ұстанған жанның бірі - 25 жастағы Ақдидар Ералиева.
Бауырында құндақтаулы баласы бар. Исламда жүкті әйелдер мен жас сәбиі бар
жандар Оразадан босатылған. Әйтсе де, "ырысы мол айдан ырыссыз қалғым
келмейді" деген Ақдидар 29 күн ауыз бекітіп, отбасымен аман-есен айт
мерекесіне жеткеніне қуанышты.
Ақдидар Ералиева:
Айтқа жуынып, киініп жаңа киім алып, кешеден бері дайындалып жатырмыз. Таң
атпай тұрып, ниеттеніп намазға келдік. Сосын намаздан соң, балаларға сыйлық
жасадық.
Ораза сабырлық, тәрбие-тақуалық, қайырымдылық айы болып саналады. Осыны
ескерген мұсылмандар діни басқармасы отбасылық жағдайы нашарларға азық-түлік
теңдей үлестірді. Көмекке зәру жандар ықыласты қабыл алып, алғыстарын жаудырды.
Айгүл Мамирова:
4 балам бар, қасиетті Рамазан айында мешітке келіп, қаражат алып тұрамын.
Продукты береді. Өзіміз қазір қиын жағдайда тұрып жатырмыз, ауру қызым бар.
Бүгін де Алматыда 40 градус ыстық болды, соған қарамастан мешіт ауласында дұға
тыңдағандар аз болмады. Жалпы шілде айының 10-нан кейін ел аумағында аптап
ыстық орын алды. Бірақ сабырлы халық бұл күндерді де өткерді. Ал, ауа райын
болжаушылар бұл жаз маусымына тән құбылыс екенін айтады.
Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК жетекші
инженер-синоптигі:
Қасиетті Рамазан айы кезінде Қызылорда қаласы бойынша 44 градус, Атырау 41
градусқа дейін, Оралда 40 градус және Ақтөбе қаласында 39 градусқа дейін
көтерілді ауа температурасы. Мұндай ыстық аномалды деп есептелмейді, жаз
мезгіліне сәйкес. Осындай ыстық 2012 жылы бақыланды.
Алматының 42 мешіті бүгін айтшылаған жамағатқа толды. Қала имамы жуырда
тағы бір Алла үйінің мұсылмандар үшін есігін айқара ашатынын қуанышпен
жеткізді. Жаратқан үйіне келіп, құлшылық етушілердің қатарының молаюы дініміздің
беріктігін, ауызбіршілігіміздің тұтастығын көрсетеді, - дейді дін жолындағы аға
буын.
Айгүл ЕРМАХАН