Бішкекте арнайы операция кезінде
өлтірілген террорлық топтың мүшесі Жанболат Әміров «ДАИШ» террорлық
ұйымның Қазақстандағы ұясын басқарды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы еліміздің ҰҚК таратқан хабарламада жазылады.
Ал бүгін Қырғызстанның
ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті лаңкестік топқа ел парламентінің
экс-депутаты қаржылай демеу көрсеткен деген тың ақпарат жариялады.
Экс-президент Құрманбек Бакиевтің «Ақ жол» партиясы атынан сайланған
депутаттың өзі кеше түн ортасында «Манас» халықаралық әуежайынан ұсталды.
Ақпарат бойынша, ол халықаралық террорлық ұйымның аталмыш тобының мүшесі Тариел
Жұмағұлов арқылы лаңкестерге ақша, қару-жарақ беріп отырған. Ал олар өз
кезегінде экс-шенеуніктің айдауы бойынша қаржы мекемелері мен азаматтарға
шабуыл жасап, қолды болған қаражатты террорлық ұйымның керегіне жұмсапты.
Арнайы қызметтің құпия құжаттарында «К.М» деген лақап атқа ие болған депутат,
2010 жылы таратылған кенештің мүшесі Мақсат Кунакунов болуы ықтимал деген
жорамал бар.
Айта кетейік, 16 шілдеде Бішкекте лаңкестерді ұстау операциясы
өтіп, 4 азамат өлтірілді. Ал жетеуі құрықталды. Радикалдар жасырынған үйден 6
автомат, 5 пистолет, гранаталар мен оқ-дәрінің мол қоры табылған. Сондай-ақ
үйден жарылғыш зат дайындауға қажетті 500 келі аммиак селитрасы тәркіленді.
Алдын-ала болжам бойынша, топ ораза айт намазы кезінде террорлық әрекет жасауды
жоспарлапты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ