$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Автобус апатынан зардап шеккен жолаушыларға өтемақы төленеді

AstanaTV
20.07.2015ж. 20:00
1228
Автобус апатынан зардап шеккен жолаушыларға өтемақы төленеді

Астанада автобус апатынан зардап шеккен жолаушыларға өтемақы төленетін болды. Бұл туралы нөмірі бірінші автобус паркінің басшылығы хабарлады. Елордада өткен демалыс күндері автобус көшедегі жарық бағанасына соғылып, 20-дан астам адам зардап шекті. 10-бағытта жүретін қоғамдық көлік Қонаев көшесінің бойында соқтығысты. Апатқа жүргізушінің денсаулығы күрт нашарлап кетуі себеп.

Абырой болғанда, ол жолаушыларға көзі қарауытқанын ескертіп, жылдамдықты да бәсеңдетіп үлгерген. 51 жастағы жұргізушінің бірінші автопаркте қызмет еткеніне 20 жылдай болған. 

Сәбит Болатов, «№ 1 автобус паркі» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы:

Бізде сақтандыру бар. Барлық автобустар сақтандырылған. Сақтандырудың екі түрі бар. Бірі апатты жағдайдан көлікті және екіншісі жолаушыларды сақтандыру. Жолаушыларға тиісті өтемақы сақтандыру компаниясымен төленеді.

Бірақ өтемақының көлемі жарияланбады. Жүргізуші жұмысынан айырыла ма, жоқ па, ол жағы да әзірге белгісіз. Бірден қуып шыға алмаймыз, - дейді автобус паркінің басшылығы. Сот шешеді деп құтылды. Ал ішкі істер органдарының хабарлауынша, жүргізуші жылдамдықты асырмаған. Жол жүру ережелерін де бұзбаған. 

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

20 адам әр түрлі дене жарақаттарын алып, оның ішінде 4 адам емханаға жатқызылды. Оның ішінде автобус жүргізушісі де емханаға жатқызылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ