Атырауда
ауыз су тарифінің қымбаттауы кәсіпкерлер наразылығын тудырып отыр. Айтуларынша,
бұл шешім жергілікті бизнесті тұралатады. Сондықтан су тарифін бірден 67
пайызға көтеру ақылға қонымсыз екенін айтып, қайта есептеуді талап етуде.
Әйтпесе, кейбір кәсіптер жабылуы мүмкін екенін айтады. Ал табиғи монополияларды
реттеу департаменті бекітілген баға өзгертілмейтінін ашық мәлімдеді. Базаргүл
Нәдірқызы толығырақ.
Кәсіпкер
Зураб Бобохидзе - көлік жөндеу-жуу кешенінің қожайыны. Облысқа танымал кәсіпкер бұған дейін айына тек ауыз су үшін 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін
төлеген. Келесі айдан қосылатын жаңа тариф бойынша суға төлемін шамалап, бас
шайқап отыр.
Зураб
Бобохидзе, кәсіпкер:
68 пайыз көтереді
деп айтқан. Әрі кәріз суы үшін де баға қымбаттап жатыр. Яғни біз қызметімізді
екі-екі жарым есеге қымбаттатамыз. Егер жеңіл автокөлікті 1-2 мың теңгеге жуып
келсек, енді 5 мың теңгеге жуамыз. Жұрт бұл бағаға жуғызбайды ғой, сосын
жер-жерде, көшеде жуу басталады. Бұдан өзге тұшпара, кондитерлік цехым бар.
Олар да сусыз жұмыс жасамайды.
Кәсіпкер бір
ғана су үшін тамыздан бастап шамамен 200 мың теңгеден кем төлемейтінін айтады.
Ал шығынға жұмыс істегесі жоқ. 20 жыл бойы тер төккен кәсібімді жабуым да
мүмкін,- деп қынжылды. Бұл проблема аймақтағы барлық кәсіпкерге ортақ. Тариф
көтеріледі дегелі, облыстағы кәсіпкерлер палатасына шағыммен келетін бизнес
иелері де көбейіпті.
Асылбек Жәкиев,
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
Бірінші
кезекте бұл қызмет көрсету бағасының көтерілуіне алып келеді. Олар - көлік
жөндеу орталықтары, киім тазалау орындары, мейрамханалар, сауналар. Тарифтің
қымбаттауы бизнестің қай саласына қалай әсер етуі мүмкін деген бағытта біз
қазір нақты талдау жасап жатырмыз. Апта аяғына дейін аяқтаймыз. Бұл мәселені
алдағы облыстық мәслихат сессиясында талқылаймыз.
Кәсіпкерлік
палатасындағылар бағаның көтерілетіні туралы алдын-ала хабардар болмағандарын
да айтады. Қоғамдық тыңдалым туралы естімеген. «Сол себепті табиғи
монополияларды реттеу департаменті жаңа тарифті көпшілікпен ашық талқыламастан,
бекіте салды»,- деген ойда. Енді палата тарифті көтеруге себеп болған «Атырау
су арнасы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын қайтадан қарауды ұсынып
отыр. Ал монополияларды реттеу департаменті шешімнің заңдылығына шүбә
келтірмейді.
Асылбек
Аламан, Табиғи монополияларды реттеу және бесекелестікті қорғау комитеті Атырау
облысы бойынша департаментінің басшысы:
Заңда
бекітілген тарифті қайтадан алып тастау туралы тәртіп жоқ. Тек департаменттің
бұйрығына сотқа шағымдануға болады. Негізі «Атырау су арнасы» 500 пайызға
көтеруді сұраған. Комиссия есептеп, осындай тариф бекітті. Менің ойымша, тариф
негізді көтерілді.
Айта
кетейік, Атырауда техникалық су жүйесі жоқ. Сондықтан тазартылған ауыз су
барлық мүдде үшін пайдаланылады. «Жау жағадан алғанда, бөрі - етектен». Тамыз
айынан бастап ауыз су тарифін жеке тұлғалар үшін 48, ал заңды тұлғалар үшін 67
пайызға көтеруге келісім берген табиғи монополияларды реттеу департаменті жаңа
жылдан бастап электр энергиясы мен жылудың да тарифі қымбаттайтынын хабарлады.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ