«Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа
қарсы ең үздік карикатуралар және бейнеролик бойынша ашық республикалық байқау
жариялады. Аталмыш шара бас партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өтуде. Бұл
туралы партияның баспасөз қызметі хабарлайды.
Іс-шара Мәдениет және спорт
министрлігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылуда. Сайысқа 18 пен 29 жас
аралығындағы азаматтар, жастар ұйымдары, шығармашылық ұжымдар мен креативтік
студиялар қатыса алады. Шығармашылық жұмыстардың электронды немесе қолдан
жасалған нұсқалары қабылданады. Ал бейнероликтердің хронометражы 45 секундтан
аспауы тиіс.
Байқауға қатысатын жұмыстар 2015 жылдың 20 қыркүйегіне дейін «Нұр
Отан» партиясының Орталық аппаратына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы
карикатуралар байқауы» деген белгімен жіберілуі тиіс. Байқау ережесі және
жан-жақты ақпаратпен nurotan.kz сайтында танысуға болады. Үздік жұмыстар
дипломдармен, ақшалай және құнды жүлделермен марапатталады. Байқаудың жалпы
сыйақы қоры 300 000 теңге.
Берік ХАСЕНОВ