$488.11 €530.09 ₽5.01
×

Биыл қазақстандық оқушылардың 20 пайызына оқулық жетпей қалды

AstanaTV
20.07.2015ж. 20:00
1436
Биыл қазақстандық оқушылардың 20 пайызына оқулық жетпей қалды

Қазақстандық оқушыларға кітап жетіспейді. Мектеп жасындағы балалардың 20 пайызы биыл оқулықсыз қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов мәлімдеді. Министрлік өкілінің дерегінше, жағдай әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында күрделі.

Кеншілер өңірінде жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат сабаққа қажетті барлық кітаптарды сатып алуға жетпей қалған. Әсіресе, Қарағанды қаласының мектептерінде оқулық тапшы. Шәкірттерді толық қамту үшін әлі де 20 млн теңгеден астам ақша қажет. Ал, тегін оқулықтармен биыл төртінші, бесінші, алтыншы және он бірінші сыныптар оқушылары ғана қамтылатын болды.

Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласы бойынша бақылау комитетінің төрағасы:

Басқа сыныптардың оқулығы бәрі кітапханаларда жиналды. Соны инвентаризациядан өткізіп, қай пән, қандай, қай сыныпқа қандай оқулық жеткізілмегенін анықтап, ата-аналарға тапсыру керек.

Білім және ғылым министрлігі өкілдері оқулық тапшылығын кітаптардың жиі жаңартылуымен байланыстырады. Оқулықтар 4-ақ жыл пайдаға асады. «Ғылымның жиі дамуына байланысты, оларды толықтырып тұруға тура келеді», -  деп түсіндірді комитет төрағасы.

Айжан ҚУАШ