Шымкентте 21 жастағы жігіттің өліміне себепкер күдіктілермен бірге полиция
қызметкері де қамауға алынды. Ішкі істер департаментінің дерегінше, тәртіп
сақшысы түнгі клубта болған төбелес кезінде ешқандай шара қолданбағаны үшін
жауапқа тартылмақ.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының
бастығы:
Қазіргі таңда төрт адам қамауға алынды. Олар 87 жылы, 90 жылы және 86 жылы
туған азаматтар, арасында полиция қызметкері бар. Осы қылмысқа куә болып, жедел
түрде ақпарат бермегені үшін қамауға алынып отыр. Қонақтардың арасында болған
полиция қызметкері.
Айта кетейік, түнгі клубтағы екі топтың арасындағы төбелес сенбіден
жексенбіге қараған түні орын алды. Осыған байланысы «адам өлтіру» және
«бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ғимарат ішіндегі басталған дау
тысқа шығып өршіген. Салдарынан 21 жастағы жігіт травматикалық тапаншадан
атылған оқтың құрбаны болды. Тергеу барысында белгілі болғанындай,
күдіктілердің бірі шартты түрде жазасын өтеп жүрген.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ