Елордада жыл басынан бері Ішкі Істер органдарында тіркелген
газды-травматикалық қарудың 70 пайызы ерікті түрде ішкі істер департаментіне
тапсырылды. Ел үкіметінің тиісті қаулысына сәйкес бұл мақсатта азаматтарға сыйақы
үшін 87 миллион 390 мың теңге бөлініпті. Қару қабылдау жыл соңына дейін
жалғасады.
Ал 2016 жылдың бірінші қаңтарынан травматикалық қару ұстанғандық
үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Оған сәйкес заңды бұзған азаматтарды
бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 2000 айлық есептік көрсеткіш,
яғни 4 млн теңгеге жуық айыппұл салу жазасы қарастырылған.
Бағлан Қазбеков, Астана қаласы ІІД лицензиялау және қару айналымына бақылау
жасау бөлімінің аға инспекторы:
Осы күнге дейін 2163 бірлік
травматикалық қару тапсырылды, оның 87 миллионнан астам теңгеге шешім қабылданып,
77 миллионнан астам теңге ақша азаматтарға төленді. Тіркелмеген жарақат салатын
тарвматикалық қаруларды тапсырған кісілер, Қылмыстық кодексте көрсетілгендей, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Ерікті түрде тапсырылған қару
үшін сыйақы да қомақты. Мамандар тиісті зерттеу жұмыстарынан кейін қарудың нарықтағы бағасының 90
пайыздық құнын алуға болатындығын айтады. Жалпы акция басталғалы бері Астанада
травматикалық қарумен жасалатын қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда
азайыпты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ