$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Жетпіске жуық иттің қожайыны - қостанайлық зейнеткер - көрші-көлеммен тіл табыса алмай келеді

AstanaTV
21.07.2015ж. 20:00
1709
Жетпіске жуық иттің қожайыны - қостанайлық зейнеткер - көрші-көлеммен тіл табыса алмай келеді

Жетпіске жуық иттің қожайыны - қостанайлық зейнеткер Эдуард Княгинин - көптен бері көрші-көлеммен тіл табыса алмай келеді. Себебі ақсақал ауласына мал сүйегін жинайды екен. «Жаз айларында қалың қаңқаның иісі мүңкіп маңайдағыларға қолайсыздық туғызады», - дейді тұрғындар. Ал, қария болса, төрт жыл бойы төбеттеріне тасыған сүйектерді арнайы шұңықырға апару үшін, қалалық биліктің көмегі қажет деп отыр.

Ақсақалдың ауласындағы тау-төбе боп үйілген сүйектер Красносельская деп аталатын тұйық көшенің тұрғындарына қолайсыздық тудырып отыр. Маңайдағы мүңкіген иістен жиіркеніп, балалар далаға шығудан қалған. Осыны айтқан көршілер қарияның ауласындағы қалың төбеттерден төнген қауіпке алаңдайды.

Ксения Кан:

Ол 4 жылдан бері сүйек жинап келеді. Сол үшін көршімізбен үнемі ұрысуға мәжбүрміз. Қазір далаға шығудан қалдық. Жел соқса, маңайымыз түгел сасып кетеді. Бұл маңаймен жүруге де қорқасың. Тіпті бір рет қалың төбет ауладан атып шығып, адамды қауып алған еді.

Ауласын сүйектер қоймасына айналдырған жалғызбасты ақсақал көрші-көлемнің арыз-шағымы орынсыз дейді. Оның айтуынша, кеуіп қалған қаңқалардың ешқандай иісі жоқ. Оған қоса 70-ке жуық ит асырап отырғаным ақиқат деді. Сүйек-саяқты ет және шұжық шығару цехтарынан тасиды екен.

Эдуард Княгинин:

Менің иттерім көше кезіп жүрген жоқ. Олардың барлығы үйретілген. Ауладан шығып, ешкімді қапқан емес.

70 жастағы зейнеткер ауланы сүйектен арылту үшін қол қусырып отырмағандығын айтады. Алайда қара малдың қаңқасын қала шетіндегі қоқыс алаңдары қабылдамайды дейді.

Асылан Әміренев, Қостанай қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары:

Оның ауласынан 10 жүк көлікке сүйек тиеліп, биологиялық қалдықтарды көметін шұңқырға төгілді. Қазіргі кезде арнайы шұңқыр толып тұр. Ақсақалдың ауласында азғана сүйек қалды. Көршілері жуық арада осы қолайсыздықтан құтылады деп ойлаймын.

Тұрғындардың шағымы бойыша шаһардағы ветеринария бөлімінің қызметкерлері қарияның ауласынан 20 тоннаға жуық сүйек шығарған көрінеді. Ал көрші-көлемді алаңдатқан қалың иттің мәселесін қала шенеуніктері қараусыз қалдыратын секілді. Өйткені итттер мен мысықтарды ұстау ережесіне сәйкес олардың санына шектеу қойылмаған.

Заңғар САНАЙ