Қаражат пен мүлікті жариялау акциясы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін
ұзартылуы мүмкін. Қаржы министрлігі осындай ұсыныс тастап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрінің
орынбасары Ардақ Теңгебаев мәлімдеді.
Министрлік, ақшасын заңдастыруға
асықпай жүргендерді қамшылау үшін, әкімшілік жазаны
қатаңдатуды да сұрап отыр. Бұл әсіресе қаржысын шетелдік банктерге
шоғырландырғанға қатысты. Олар жылжымайтын мүліктерін де
декларациялауға міндеттелмек. Легализация науқаны нәтижесінде бүгінге дейін 292
млрд теңге заңдастырылған.
Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:
Оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағындағы мүлік бойынша отыз мыңнан
аса объект пен бағалы қағаздар сомасы 219 млрд теңгені құрады. Қазақстан
аумағының шегінен тыс жерлерде орналасқан мүлікті жария ету бойынша он жеті
объект 636 млн теңгеге жария етілді. Және ақшалай 73 млрд теңге қаражат жария
етілді. Жұмыс әлі жалғасуда.
Айгүл ӘДЕПБАЙ