$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Алматы автобустарына карточкамен төлем жасау енгізілмек

AstanaTV
21.07.2015ж. 20:00
1444
Алматы автобустарына карточкамен төлем жасау енгізілмек

Алматы автобустарындағы кондукторларды енді электронды жүйе ығыстармақ. Жыл соңына дейін қаланың барлық қоғамдық көліктеріндегі валидаторлар мен қолма-қол есеп айырысу жүйесі жойылады. Оның орнын электронды билет алмастырады. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне «Көлік холдингі» серіктестігі мәлімдеді. Жаңа жүйені енгізу осы серіктестікке жүктеліпті. Компания әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын тәсіл жолаушылар үшін тиімді болады деп санайды. Алдымен көлеңкелі бизнеске тосқауыл қойылып, жолақыдан мемлекеттік қазынаға түсетін салық артпақ.

Жолаушыларға арналған жол жүру карталары әлеуметтік топтарға сай жіктеледі: оқушыларға, студенттерге, зейнеткерлерге және ересектерге арналған карталар шығарылмақ. Оларды кез-келген дүңгіршектен 320 теңгеге сатып алуға болады. Сосын жолаушы балансты өзі толтырады.

Айта кетейік, бір қоғамдық көлікті электронды жүйемен жабдықтауға 500 мың теңге жұмсау жоспарланып отыр. Кей деректерге сүйенсек, Алматыда күніне шамамен 1 мың 600 автобус жолаушы тасымалдайды.

Серік Жұмабеков, «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС бас директоры:

Бұл жерде мемлекет бюджетінен бір тиын да қаражат бөлінбеген. Ол таза инвестор жеке меншік қаражаттардан қарастырылды. Бұл мемлекеттің қоғамдық көліктер сферасына бірінші рет енгізіліп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН