Қазақстандық мұсылмандар биыл қажылыққа бара алмай қалуы мүмкін. Бұл туралы Туристік агенттіктер қауымдастығының ресми өкілі Денис Кривошеев біздің арнаға
берген сұхбатында мәлімдеді.
Бүгінде ел мұсылмандарына бес мың квота
бөлінген. Қажылық мерзімі 10-13 қыркүйекке келіп отыр. Туристік қауымдастық
дерегінше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясымен келісім
жасаған. "Оған сай, мұсылмандық парызды өтеуге аттанатындарды тек
қазақстандық SCAT пен сауд арабиялық FLYNAS компаниялары тасымалдайды. Сол
себепті қызметтер құны, соның ішінде билет бағасы қымбаттап кетуі мүмкін", - деп алаңдайды қауымдастық өкілі.
Оның айтуынша, қасиетті сапарға баруға ниет
еткендерді Мекке мен Мәдинаға апарумен бұған дейін отандық 20 туристік компания
айналысқан. Бірақ биылғы қажылыққа жеткізетін ұшақтардың келу мерзімі
бекітілмегендіктен, туристік компаниялардың қазір "қолы байлаулы".
Биылғы дайындықтың тағы бір кемшілігі - діни басқарма мен араб тарапы
жолаушылар Сауд Арабиясында 20 күннен кем болмауы керек деген шарт қойса керек.
Бұған дейін қажылар сапар мерзімін өздері таңдаған.
Денис Кривошеев, Қазақстан Туристік агенттіктері
қауымдастығының ресми өкілі:
Бүгінде сапар шегуші сол елде 20 күн қалса, бұл жағдай сапардың өзін қымбаттатып
жібереді. Дәулеті жетпейтін адамдар бөтен елде бірнеше күн қала алмайды. Оны
бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан оларға қажылыққа биыл бара
ма, әлде ақшасын жинап кейінірек бара ма, таңдау жасау керек.
Айта кетерлігі, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
осы жағдайға қатысты түсініктеме беруден тартынып, Сыртқы істер министрлігіне
сілтеді. Дегенмен, бүгін хабарласқанымызда, басқарма ресми жауап әзірленіп
жатқанын мәлімдеді.