Атырауда үйлері нөсер жауыннан зардап шеккен тұрғындар жергілікті биліктен
әлі көмек ала алмай жүр. Айтуларынша, су басқан кезде көмектесуге уәдені
үйіп-төккен жергілікті әкімдік әлі күнге бір тиын да көмек көрсетпеген. Бүгін
ашынған тұрғындардың бір тобы қалалық әкімдікке басып кірді. Естеріңізге
салсақ, мамырдың 12-сіне қараған түннен бастап бір тәулік бойы толассыз жауған
жаңбырдан Атырау қаласындағы 300-ге тарта үй мен мыңдаған ауланы су басқан еді.
Базаргүл Нәдірқызы толығырақ.
"Алтын алқа" иегері Гүлжан апа су басқан үйіне күн сайын келеді. Еден астына
жиналған су екі айғдан астам өткенімен, әлі құрғамаған. Қамыстан тұрғызылған
баспана күн сайын шөгіп жатқанын айтады. Алғашында қалалық депутаттар мен сала
мамандарынан құрылған комиссия мүшелері үйге кіру қауіпті екенін айтқан, бірақ
қолдарына ешбір құжат ұстатпапты. Ал жуырда үйдің жағдайын бағалайтын компания
«баспананы адам тұруға жарамды» деген қорытынды берген. Етегі жасқа толған
батыр ана күн сайын әкімдікті жағалайды.
Гүлжан Сапарова:
Бақтықожа: «Ойбай, тек үндемеңдер, сөйлеген кісілерге айтты, ауыздарыңды
ашпаңдар, сендерді соттаймыз, қарсы сөйлемеңдер. Оралда да біреуді
соттағанмын», - деді. Оценка айтады, кіруге жарайды, деп кетті. 360 мың теңге
ақша береміз. Өздерің ремонттап аласыңдар деп. 360 мың не затқа жетеді,
қарағым-ау.
Қалалық әкімдіктің алдына жиналғандардың жалғыз мұңы - баспана. "Туған-туыс,
тамыр-танысты жағалап болдық, түнейтін жерге берер ақшамыз жоқ",- дейді олар.
Ақтолқын Сапарғажиева:
Күйеуім болса, қайтыс болды. Күн сайын жалғыз өзім. Ақшам - 20 мың. Кредит
төлей алмай отырмын. Баламды оқуға түсіре алмай отырмын. Осы жүргенде әзер
шыдап жүрмін, өміріммен қоштасып кетуге. Нанбасаңыз, Құрсайдан үйді қараңыздар.
Прокуратураға жаздым, 3 рет қағаз келді. Мыналар жазды бір рет. «Қарап жатырмыз,
жұмылдырылып»,- дейді. Ешқандай да көмек жоқ.
Ақ жағалылар төтенше жағдайдан зардап шеккендердің базынасын тыңдауға
асықпады. ШаҺар басшысы демалыста. Тұрғындардың қаһарынан қаймықты ма, қала
әкімнің орынбасары Амантай Айтпаев оларды қабылдады. Көпшіліктің қазақ тілінде
сөйлеу туралы өтінішін шенеунік құлаққа ілген жоқ.
-Қазақша айтыңыз! -Орысша айтам. -Қазақша сөйлеңіз! -Жоқ, мен орысша
айтамын. Чтобы удобнее было разговаривать.
Тұрғындар жергілікті билікті баспана мәселесін дер кезінде шешпей, сылбыр
қимылдағаны үшін кінәлап отыр. Сабырға шақырған шенеунік келген тұрғындардың
әрқайсысының үйлерін өз көзімен барып көруге уәде берді. Бірақ сараптама
қорытындысы шықпағандықтан, кімге қандай көмек берілетіні белгісіз деп, ашық
айтты.
Амантай Айтпаев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:
Біреулер үй аламыз ба, жоқ па, дейді. Бұлардың барлығы сараптама қортыныдысы
шыққан соң ғана белгілі болады. Қазір барлық мәліметтер қалалық тұрғын үй
коммуналдық шаруашылық бөлімінде, зерттеліп жатыр.
Айтпаевтың айтуынша, бағалауға жіберілген 230 үйдің 164-іне қорытынды
шыққан. Оның нәтижесіне сай 92 баспанаға 360 мың теңгеден үстемақы берілетін
бопты. Ал көпшілік көкейіндегі - баспана бола ма, жоқ па деген сауалға жауап
болмады. Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысының әкімі Бақтықожа
Ізмұхамбетов табиғат залалынан зардап шеккендерге пәтер берілмейді, тек
комиссияның шешімінен соң қаржылай көмек көрсетіледі,- деген еді. Осы іске
жауапты қала әкімінің орынбасары, сараптама қорытындысының қашан шығатынын, өзі
де білмей отыр.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ