$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Жасөсіпірімдер арасында жүктілік көп кездесетін болды

AstanaTV
22.07.2015ж. 20:00
2140
Жасөсіпірімдер арасында жүктілік көп кездесетін болды

"Жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік қоғамның індетіне айналуы мүмкін". Қызылордадағы «Ана үйі» қайырымдылық қорының қызметкерлері осылай деп дабыл қағуда. Мамандар қоғам дертіне ата-ана кінәлі ме әлде өсіп жатқан ортаның ықпалы теріс пе, оның ара-жігін ажырату қиын екенін айтады. Балалықпен қоштаспастан күтпеген жүктілікке тап болғандармен әріптесім Шарипа Сақтапова тілдесті. 

Балалықпен ерте қоштасқан мына бойжеткен есімін айтуды жөн көрмеді. Айтуынша, 15 жасында сезімнің жетегінде кетіп, алданып қалған. Шалыс басқан қадамын туғандары да кешірмеген. Басар тауы қалмаған соң, "Ана үйі" орталығына келіпті. Қазір бауырында екі айлақ сәбиі бар.

Шешем мені қабылдаған жоқ, бірден: «Көшедегі баланы мен бақпаймын»,- деді. Содан баратын жер болмағаннан кейін осында келдім. Келгеніме өкінбеймін. Қазір қызым екі айлық, документтерін дұрыстап беріп жатыр.

Элмира Қалымбетова, Қызылорда қаласындағы № 3 емхананың акушер-гинекологы:

Жасөспірімдер арасында, қыздар арасында жүктілік өте көп кездесіп жатыр, олардың жүкті болуы көбісіне мынау жасөсіпірімдерге, балаларға өзінің кері әсерін тигізеді.

Ал, 17 жастағы мына бойжеткенді, орталықтың қызметкерлері жезөкшелердің ортасынан алып келіпті.

Бала некесіз туылатын болған соң, менің әкем менен бас тартты. Ондай қорлыққа шыдамаған болар. Сосын жын-ойнаққа қалай тап болғанымды өзім де білмей қалдым. Қазір ата-анаммен қарым-қатынасым үзілген. Баламмен осында тұрып жатырмын.

Баян Молдашева,  «Ана үйі» қайрымдылық қорының үйлестірушісі:

Жүктілік жасарып барады. Бұл өзекті мәселеге айналды. Қазір бізге 14-15 жастағы қыздар жиі түседі. Бастарына түскен бақытсыз жағдайдан жалғыз қалған қыздардан бөлек, үйлерінен қуылған келіншектер де бізге келеді. Тығырыққа тірелген қыз-келіншектерді өзіміз де іздестіреміз, тауып алып, осында әкелеміз. Емханаға апарып, мамандарға көрсетеміз. Құжаттарын әзірлеп береміз.

Құжаттарын түгендеп қана қоймай, орталықтағы мамандар жас аналарды әрі қарай өмір сүруге бейімдейді. Қазір орталықта 18 қыз-келіншек пен 15 нәресте бар. Әйелдер жағы түрлі тағамдар әзірлеуге, тігін тігуге бейімделуде. Орталықты олар 3 жылға дейін паналай алады. Осы аралықта жұмыс тауып, құжаттары әзірленбек. Айта кетейік, «Ана үйі» аймақта былтыр ашылды. Осы аралықта туғандарымен тіл табысқандары да, арадағы түсінбестікті жойып отау тіккендері де кездескен. Ал, енді бірі әлі күнге болашағынан үміт күтіп жүр.

Шарипа САҚТАПОВА