Төтенше жағдайдың алдын алу, халықты апаттан құтқару ісінде тағы да
шалағайлық орын алды. Бүгін жауапты мемлекеттік органдар жұрттың селден
бейхабар қалуына ұялы байланыс операторларын кінәлап үлгерді. Ал жедел
хабарлама таратуы тиіс компаниялар төтенше жағдай туралы мәліметті тиісті
мекемелер тым кеш тапсырды деп ақталады. Қала билігі бұл мәселеге жауапты
тұлғалар сұраққа алынатынан мәлімдеді. Бүгінгі су тасқынынан кейін бос қалған
баспаналарды тонау әрекеттері тіркелмеген. Бірақ әлеуметтік желілердегі жалған
жарияланымдар елдің үрейін одан ары үдетті. Толығырақ Ришат Асқарбекұлының
бейнематериалында.
Еліміздегі төтенше жағдайларға тікелей жауапты Владимир Божконың
ведомствосы бұрын да СМС хабарламаға қатысты сынға ұшыраған еді.
Премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев екі жыл бұрын Алматыдағы жер
сілкінісі туралы министрдің өзі бейхабар екенін айтып, шенеунікті «енді сақ»
болуға шақырған-ды. Сосын төтеншеліктер СМС хабарлама жүйесін бір жолға
қойғандарын айтып, мәлімдемелер жасаған. Алайда бүгін түнде алматылықтар су
тасқыны туралы тағы да бейхабар қалған.
Таңертең арнайы брифинг өткізген жедел штаб өкілдері алдын ала ескерту
болмағанын мойындады. Ал шырт ұйқыда жатқан халық қауіптің жақындағанын
тасқынның гүрілінен ғана сезген. Абырой болғанда, лай көшкіні мен тасыған судың
нөпірінен адам шығыны жоқ. Бірақ тұрғындарды, апаттың келе жатқанын ескертетін
құрылымның жұмысы неге ақсады, деген заңды сұрақ алаңдатады. Бұған қала
билігінің өз уәжі бар.
Юрий Ильин, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
СМС хабарлама неге жіберілмеді деген мәселе талқыланып жатыр. Бұл туралы
ақпаратты біз төтенше жағдайлар комитетіне жолдадық. Ұялы байланыс операторы
арадағы келісімшартты орындамаған. Бұл іс бойынша тергеу жүргізіледі.
Әкімдіктің бұл айыптауына ұялы байланыс операторлары да жедел жауап қатты.
"Картел" компаниясы төтенше жағдайлар қызметімен арадағы келісімнің
орындалмауына құтқарушылардың мәтінді талапқа сай дайындап әкелмеуі түрткі
болғанын айтады. Кейбір компанияларға тек таңертеңгі сағат 8-30-да ғана төтенше
жағдай департаментінен мамандар хабарласқан.
Алексей Бендзь, «Картел» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің директоры:
Келісімшарт бойынша, біз төтенше жағдай қаупі болған кезде ғана хабарлама
тарату керекпіз. Біз ондай нұсқау алмадық. Сондықтан бұл жерде адами фактор
жоқ, біздің операторлар нұсқаманы орындады. Дегенмен, біз бүгін күндізден
хабарлама таратуды бастадық. Ол ары қарай жалғасады.
Ал ішкі істер департаменті апат аумағында қылмыстық жағдай бақылауда деп
мәлімдеді. Халықты эвакуациялаған соң, 500-ден астам полиция қызметкері аумақты
күзетке алған. Бос қалған тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарды тонау фактілері
жайында арыздар келіп түспеген.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
Эвакуациялау кезінде зардап шеккен үйлердің тұрғындары ұйымдасқан түрде
үйлерінен кетіп, полиция мен өзге де мемлекеттік орган қызметкерлерінің
талаптарын бірден орындады. Сол себепті болар, зардап шеккендер мен адам шығыны
жоқ.
Сондай-ақ бүгін таңға жуық су шайған арнаның төменгі жағалауында орналасқан
халық та дүрлігіп, үйлерін тастап кетіп жатты. Бұған әлеуметтік желілерде
жарияланған мынадай жалған бейнетүсірілімдер де себеп болған. Полиция Ресейдегі
селдің видеосын Алматыдағы жағдаймен байланыстырып, хабарлама таратқан адамды
іздестіріп жатыр. Күдікті жалған ақпарат үшін 5 жылға дейін соталуы мүмкін.
Бүгін Алматы кәсіпкерлері селден зардап шеккендерге көмек қолын созуға уәде
берді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық өкілдігі бір сағат ішінде 1
миллион теңге жинап үлгерген. Ал қала әкімі мәслихат шешімімен халыққа өтемақы
төлеу үшін 2 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ